Қырғызстан ҰҚМК бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиевке үкім шықты
Бішкектегі Бірінші май аудандық соты қоғамда «75-тің хаты» деген атаумен белгілі қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
24.kg басылымының хабарлауынша, аталған іс бойынша айыпталушылар қатарында Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиев, бұрынғы бас прокурор Құрманқұл Зулушев, Жогорку Кенештің экс-спикері Нұрланбек Тұрғынбек уулу, қоғам қайраткері Бекболот Талгарбеков, ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Құрсан Асанов, бұрынғы депутат Құрманбек Дыйканбаев, экс-вице-премьер әрі бұрынғы депутат Аалы Қарашев және Қырғызстанның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Эмилбек Ұзақбаев болды.
Сот процесі жабық форматта өткеніне қарамастан, үкім көпшілік алдында жария етілді.
Сот шешіміне сәйкес, барлық айыпталушы «Билікті күшпен басып алуға әрекет жасау» бабы бойынша кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеу жазасымен бірге төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда оларға қатысты үш жылдық пробациялық бақылау белгіленгендіктен, сотталғандар жазасын қылмыстық-атқару мекемесінде өтемейді.
Сонымен бірге, сот оларды «Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану» бабымен кінәсіз деп танып, осы айып бойынша ақтау үкімін шығарды.
Қамшыбек Ташиевтің қорғаушысы Икрамидин Айткулов сот шешімімен келіспейтінін айтып, үкімге апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Бұған қоса, іс бойынша сотталғандардың ешқайсысы өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған.
Еске салсақ, Қамшыбек Ташиевке билікті күшпен басып алуға дайындалу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылған болатын.