Жаңалықтар

Оралда «ангинамен» ауруханаға түскен 12 жасар қыз бір күн ішінде қайтыс болды

Қайғылы оқиға облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында болған. Баланы «іріңді ангина» диагнозымен сол жерге жатқызған. Марқұм Дәмелі Абдрахманованың туыстары оның кенеттен көз жұмуына медицина қызметкерлерінің салғырттығы мен әрекетсіздігі себеп болды деп есептейді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

 «Мой город» басылымының жазуынша, қайғылы оқиға 12 жасар Дәмелі Абдрахманова облыстық инфекциялық ауруханаға жатқызылғаннан кейін бір тәуліктің ішінде болған. 28 маусымда ауруханаға түскен қыз тамағы қатты ауыратынын айтып шағымданған. Қабылдау бөлімінде оған «іріңді ангина» диагнозы қойылып, стационарға орналастырылған. Анасы қызымен бірге қалғысы келгенімен, кәмелетке толмаған балаға қатысты ереже бойынша ауруханада қалуға рұқсат берілмеген.

Келесі күні таңертең баланың жағдайы күрт нашарлаған.

Туыстарының айтуынша, Дәмелі таңертең жақындарына хабарласып, өзін нашар сезінетінін және жүрегі қатты соғып жатқанын айтқан. Олар дереу дәрігер шақыруды өтінгенімен, қызға тек қызуын өлшеп, медицина қызметкерлері бөлмеден шығып кеткен. Отбасы бірден ауруханаға жетуге тырысқанымен, жолда қыздың реанимацияға жеткізілгені хабарланған. Кейін туыстарының айтуынша, олар келген кезде бала көз жұмғаны белгілі болған.

Туыстарының пікірінше, Дәмелі палатада қайтыс болған, ал реанимацияға жеткізуге мүмкіндік болмаған. Олар ауруханадағы бейнебақылау камераларындағы жазбаларды полициямен бірге қарап шыққанын айтады. Онда палата есігінен көрші палатадағы науқас қыз шығып, көмек шақырғаны байқалады.

Жақындары реанимациялық шаралар дер кезінде қабылданбады деп есептейді. Олардың айтуынша, дәрігерлер палата ішінде жиналып қалған, ал реанимация туралы айтылған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді.

Отбасы Дәмелінің бұрын дені сау болғанын, ешқандай диспансерлік есепте тұрмағанын және былтыр толық медициналық тексеруден өткенде де ауытқулар анықталмағанын айтады.

"Егер біз бұл істі жай қалдырсақ, бұл соңғы бала өлімі болмайды. Ата-аналар мұндай қайғыны қалай көтеретінін елестете де алмаймын. 12 жастағы баланың өліміне қалай жол берілді?", — дейді марқұмның тетесі Айгүл Наурызбаева.

Қазір қыздың нақты өлім себебі ресми түрде анықталған жоқ. Туыстары істі әділ тергеуді талап етіп, құқық қорғау органдарына шағым түсірмекші

Дәмелі 2 шілде күні жер қойнына тапсырылды. Онымен қоштасуға туыстары, достары және таныстары жиналды. Ол отбасындағы тұңғыш бала еді, артында екі інісі қалды.