Қарағанды ТМД жастарының астанасы болады
2028 жылы Қарағанды ТМД жастарының астанасы болады. Бұл туралы Ашхабад қаласында (Түрікменстан) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшылары кеңесінің отырысында белгілі болды, еп хабарлайды buginmedia.kz.
Қоғам қайраткері, блогер Ғалым Байтук әлеуметтік желідегі парақшасында Қарағандының ерекше мәртебеге ие болуына орай жазба жариялады.
«Бұл жай ғана әдемі мәртебе емес. Бұл – Қарағандының бүгінде Қазақстандағы ең ірі жастар, білім және индустриялық орталықтардың бірі екенін мойындау. Студенттер қаласы, ғылым мен мықты университеттердің, жастар бастамаларының, спорттың, мәдениеттің және ерекше мінездің ордасы. Қарағанды әрқашан ерекше өңір болған. Мұнда еңбек ете біледі, білім ала біледі, кең ауқымда ойлай біледі. Осындай аймақтың халықаралық жастар жобасының маңызды алаңына айналуы өте символдық мәнге ие», – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа да ерекше құттықтау жолдады.
«Бүгінде облыстың жүйелі түрде дамып келе жатқаны анық көрінеді. Жастар жобалары, білім, спорт, инфрақұрылым қолдау табуда, студенттер мен жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер жасалуда. Бұл Қазақстан үшін де маңызды белгі. Біздің жастарымыз ел ішінде ғана емес, ТМД кеңістігінде де танылып келеді. Ал мұндай шешімдер – мемлекетке деген сенімнің, беделдің және халықаралық имидждің көрсеткіші. Қарағанды бұл мәртебелі жылды жоғары деңгейде өткізіп, бүкіл ТМД-ға заманауи, жігерлі әрі интеллектуалды Қазақстанды көрсете алады деп сенемін. Қарағанды тек шахтерлер астанасы ғана емес. Бұл – идеялардың, жастардың және болашақтың қаласы», – дейді Ғалым Байтук.
Айта кетейік, 22 мамырда Ашғабатта өткен ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты. Кездесуде сауда-экономикалық, көлік-транзит, энергетика, ауыл шаруашылығы және цифрлық трансформация салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Отырыс қорытындысында ТМД елдерінің өнеркәсіп, көлік және технология салаларындағы ынтымақтастығына қатысты бірқатар құжаттарға қол қойылды. Сондай-ақ маңызды шешім қабылданып, 2028 жылы Қарағанды қаласы ТМД Жастарының астанасы болып жарияланды. Бұл жоба жастарды халықаралық ынтымақтастық пен тұрақты даму бастамаларына тартуға бағытталған.
«Бұдан бөлек, 2027 жылы Минск қаласын (Беларусь Республикасы), 2028 жылы – Қарағанды қаласын (Қазақстан Республикасы) ТМД жастарының астанасы деп жариялау туралы шешім қабылданды. Халықаралық жоба азаматтардың жас буынын мемлекетаралық қатынастардың барлық салаларында орнықты даму бағдарламаларын жүзеге асыруға тартуға бағытталған», – делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.