Шоу-Бизнес

Блогер пластикалық ота кезінде кенеттен қайтыс болды: клиника мәлімдеме жасады

Танымал қазақстандық блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан Алматыдағы «Smart Beauty Clinic» клиникасында пластикалық ота алдында кенеттен қайтыс болды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оның мәліметінше, қайғылы жағдай операция басталмай тұрып болған, дәрігерлер оның жүрек талмасынан көз жұмғанын айтады.

Қазіргі уақытта клиника ғимараты жабық тұр. Алайда интернеттегі деректерге сәйкес, клиникаға онлайн түрде жазылу қызметі әлі де жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар, 2GIS сервисіндегі пікірлерде кейбір қолданушылар да осы оқиғаға қатысты ақпарат қалдырған. Онда қайғылы жағдай абдоминопластика процедурасы кезінде болғаны айтылады.

Айта кетейік, бұл деректер ресми органдардың қорытындысы емес, әзірге журналистік ақпарат пен пайдаланушылар пікіріне негізделген.

Белгілі продюсер Гүлзира Айдарбекова өзіне сіңлісіндей болып кеткен кәсіпкер Сәуле Базарханның дүниеден өткенін растап, әлеуметтік желіде жазба жариялады. Алайда продюсер өлімнің нақты себебін ашып айтқан жоқ.

Осы оқиғадан кейін Алматыдағы пластикалық хирургиямен айналысатын Smart Beauty клиникасы блогер әрі кәсіпкер Сауле Ермаханованың қайтыс болуына байланысты ресми мәлімдеме жасады

«Қазіргі уақытта оқиға бойынша заңнамада қарастырылған барлық рәсімдер жүргізілуде. Дәрігерлік құпияны сақтау қажеттілігіне, науқастың отбасына құрмет көрсетуге және жүргізіліп жатқан тергеудің объективтілігіне байланысты клиника ресми тексерулер аяқталғанға дейін оқиғаның мән-жайы мен медициналық егжей-тегжейлерін ашық түрде түсіндіре алмайды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ клиника жұртшылықты расталмаған ақпарат пен болжам таратпауға шақырды.

Сауле Ермаханова 15 мамырда қайтыс болған. Туыстарының айтуынша, ол операция кезінде көз жұмған. Бұл факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Денсаулық сақтау министрлігі жеке клиникаға толық тексеру жүргізіп, косметологиялық қызмет көрсететін мекемелерге бақылауды күшейтетінін мәлімдеді.