Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омар үкімге апелляциялық шағым түсірді: сот қандай шешім шығарды?
Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Жақсылық Омар жемқорлық ісі бойынша шығарылған үкімді өзгерте алмады. 20 мамыр күні Шығыс Қазақстан облыстық сотының алқасы бірінші инстанция шешімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
3 сәуірде экс-шенеунік алаяқтық және пара алу бойынша кінәлі деп танылған еді. Бірінші инстанция соты оған мүлкін тәркілей отырып, алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, Омар өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Үкім шыққаннан кейін оның мерзімінен бұрын босап шығу мүмкіндігі де жеке түсіндірілген болатын.
20 мамырда іс апелляциялық тәртіпте жәбірленуші мен қорғаушылардың шағымдары бойынша қаралды.
«Сот алқасы бірінші сатыдағы сот сотталған адамның әрекеттерін дұрыс саралаған, ал жаза түрі мен мөлшері заң талаптарына қатаң сәйкестікте тағайындалған деген қорытындыға келді. Бұл ретте мемлекеттік биліктің беделіне және қоғамның оған деген сеніміне нұқсан келтіретін ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысының жоғары қоғамдық қауіптілік дәрежесі ескерілді», – делінген хабарламада.