Ақмола облысындағы Бестөбе шахтасында екі ер адам қаза тапты
Ақмола облысындағы Бестобе шахтасында екі адам қаза тапты. Бұл ақпаратты өңірлік полиция департаменті растады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қайғылы оқиға 19 мамыр күні «Қазақалтын» ЖШС шахтасында болған. Кеніште тау жыныстары опырылып, салдарынан екі ер адам көз жұмған.
«Аталған факті бойынша Степногорск қаласының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 269-1-бабы 3-бөлігі – “Күзетілетін нысанға заңсыз кіру абайсызда адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғуы” бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – делінген хабарламада.
Сәуір айының соңында Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Кеңгірбай Есенеев Қазақстанда заңсыз кен іздеушілерге («қара старательдерге») қылмыстық жауапкершілік енгізілуі мүмкін екенін айтқан еді.