Қазақ қызы АҚШ-тың Словениядағы елшісі қызметіне тағайындалды
Қазақстанда туған Әсел Робертс (Төленова) АҚШ-тың Словениядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне ресми түрде тағайындалды. Оның кандидатурасын АҚШ президенті Donald Trump ұсынған, кейін оны АҚШ Сенаты мақұлдады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Вирджиния штатының тұрғыны Әсел Робертс Америка Құрама Штаттарының Словения Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды», - деп жазылған АҚШ Сенатының сайтында жарияланған мәліметте.
Әсел Робертстің кандидатурасын 125 сенатор қолдады. Дауыс беру 18 мамыр күні өтті. Оны жаңа қызметке тағайындалуымен Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі де құттықтады.
«Әсел Робертс ханымды АҚШ-тың Словениядағы елшісі қызметіне тағайындалуымен шын жүректен құттықтаймыз. Ол — АҚШ тарихында елші дәрежесіне көтерілген тұңғыш қазақ қызы. Жаңа қызметіне сәттілік пен толағай табыс тілейміз» деп жазды Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі Facebook парақшасында.
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес, Әсел Төленова 1976 жылы Қазақстанда дүниеге келген. Кейін АҚШ-қа көшіп барып, сонда білім алған. 1993-1998 жылдары Джорджтаун университетінде халықаралық құқық және халықаралық ұйымдар мамандығы бойынша оқыған.
Еңбек жолын 1999 жылы АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Ақ үйдің хаттама қызметінде бастаған. Көп жыл бойы дипломатиялық протокол саласында қызмет атқарып, түрлі президент әкімшіліктерімен жұмыс істеген.