Жаңалықтар

"Денесіне үтік басып, ернін шанышқымен күйдірген": Шымкентте балаларын азаптаған ана 5 жылға сотталды

Шымкентте өз балаларын аяусыз азаптаған әйел 5 жылға сотталды. Ол жасаған әрекетін тұрмыстағы қиындықтармен және күйзеліс жағдайымен түсіндіруге тырысқан, деп хабарлайды Buginmedia.kz.

Сот барысында 29 жастағы Гүлмира Ергешованың балаларын жүйелі түрде қорлағаны белгілі болды. Айыптау мәліметіне сәйкес, ол 8 жастағы ұлының денесін қызған үтікпен күйдіріп, аузын ыстық шанышқымен жарақаттаған. Ал 11 жастағы қызының шашын ұстарамен алып тастаған.

Бұдан бөлек, әйелдің балаларын қыстың күні өзенге апарып, мұздай суға күштеп түсіргені де айтылды. Судьяның сөзінше, ол балаларды тұншықтыруға әрекет жасаған.

Мемлекеттік айыптаушы соттан әйелді 4 жыл 8 айға қамауды сұраған. Алайда сот оның әрекетін аса ауыр қылмыс деп танып, 5 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындамай, болған жағдайға күйеуі мен енесін кінәлады. Оның айтуынша, күйеуі шетелге кетіп қалып, өзін балаларымен бірге қиын жағдайда қалдырған.

Адвокаттың мәліметінше, балалар сотта анасын кешіретіндерін айтқан. Соған қарамастан, бұл жайт жаза мерзімін жеңілдетуге әсер етпеді.

Қазіргі таңда төрт бала мемлекет қамқорлығына алынған. Мамандар олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ екенін мәлімдеді.