Сұлтан Сәрсемәлиев Наурызды өлтірген соң атына несие рәсімдеп, жәрдемақыларын алып отырған
Атырау облысында бір отбасының өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде прокурор Мирас Бауыржанов айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты қаржылық алаяқтық деректерін жария етті, деп хабарлайды Buginmedia.kz.
Прокурордың айтуынша, Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайының туған інісі Наурыз Мұқанғалиевті өлтіргеннен кейін оның жеке мәліметтері мен банктік қызметтеріне қолжетімділігін пайдаланып, заңсыз қаржылық пайда көрген.
«2025 жылғы 15 мамыр күні сағат 15:29 шамасында Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевтің қайтыс болғанына көзі жеткеннен кейін, алаяқтық тәсіл арқылы заңсыз баюды мақсат еткен қылмыстық ой қалыптастырған», – деп көрсетілген айыптау актісінде.
Айыптау актісінде айтылғандай, Сұлтан Сәрсемәлиев марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің телефонындағы банк қосымшасына кіріп, оның атына бірнеше тауарлық несие рәсімдеген.
Тергеу мәліметінше, күдікті 1 698 590 теңге, 150 000 теңге, 999 980 теңге және 1 200 000 теңге көлемінде төрт бірдей несие алған. Кейін бұл қаражат түрлі компаниялар мен жеке кәсіпкерлер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, жеке қажетіне жұмсалған.
Ресми дерек бойынша, келтірілген материалдық шығын көлемі 4 048 570 теңгені құраған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік айыптаушы айыпталушының бұрынғы жұбайының туған інісіне тиесілі әлеуметтік төлемдерді жүйелі түрде иемдену схемасын да ұйымдастырғанын мәлімдеді.
Тергеу нұсқасына сәйкес, сол телефон мен банктік мәліметтерді пайдаланған Сәрсемәлиев бірнеше ай бойы түсіп тұрған зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді өз есепшоттарына аударып, оларды жеке қалауынша жұмсап отырған.
Прокуратура мәліметінше, бұл эпизод бойынша келтірілген шығын көлемі 550 125 теңгені құраған.
Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевтің атынан WhatsApp арқылы хат жазып, оның туыстарын әдейі жаңылыстырған. Осылайша ол марқұмды тірі, қалада жүр деген ой қалыптастыруға тырысқан.
Айыптау актісіне сәйкес, 2025 жылдың 29 тамызында күдікті марқұмның анасы Насип Өтешқалиеваға хабарлама жолдап, шұғыл түрде 350 мың теңге қажет екенін айтқан. Әйел ұлымен сөйлесіп отырмын деп сеніп, ақшаны беруге келіскен. Кейін айыпталушы қаражатты Жангелдин ауылының жолаушылар тасымалымен айналысатын тұрғыны арқылы жіберуді сұраған.
«Ол ақшаны алып, банк терминалы арқылы шотқа аударуды өтінген және жол шығындарын өтеп беруге уәде еткен», – деп көрсетілген айыптау құжатында.
Осылайша, тергеу нұсқасы бойынша, Сәрсемәлиев алдау арқылы 350 мың теңгені иемденіп, оны жеке қажетіне жұмсаған.
Еске салайық, 18 мамыр күні Атырауда әйелінің туыстарын аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі басталды.
Оқиғаның мән-жайы
2025 жылдың желтоқсанында полицияға 66 жастағы Мақсот Қарабалин, 64 жастағы Насип Өтешқалиева және олардың 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түзсіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қараша айынан бері байланысқа шықпаған.
Төрт адамға да хабар-ошарсыз кеткен мәртебесі беріліп, осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.
«Өткен жылдың желтоқсан айының соңында Атырау тұрғыны полицияға ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы хабарласпай кеткенін айтып жүгінді. Жедел-іздестіру шаралары барысында қаза тапқандардың мәйіттері әртүрлі жерге көмілген күйде табылды», – деді Қанат Нұрмағамбетов.
Биыл 6 қаңтарда тергеу барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның мәйіттері табылған. Осыдан кейін іс адам өлтіру бабы бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.
Қылмысқа күдікті ретінде 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке — қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Сонымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.
«Қазақстан Ішкі істер министрлігі қызметкерлері Индонезия құқық қорғау органдарымен бірлесіп, аталған елдегі аралдардың бірінде Атырау облысындағы резонанстық іс бойынша күдіктіні ұстады. Қазір ол Қазақстанға экстрадицияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Қанат Нұрмағамбетов.
Күдікті Индонезияда ұсталған кезде оның жанында отбасының кенже қызы да болған. Тергеу мәліметінше, ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, жауап берген. Оның көрсетуімен жедел-тергеу тобы Атыраудағы үй ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапқан.