Әлемде

Эпштейн ісіндегі құпия хат жарияланды

2019 жылы түрмеде көз жұмған Джеффри Эпштейнге қатысты, оның қайтыс болар алдында жазды деген хаттың жария болғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Buginmedia.kz The New York Times дерегіне сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, Нью-Йорк штатындағы Уайт-Плейнс қаласындағы федералдық соттың судьясы Кеннет М. Карасом Эпштейнге тиесілі болуы мүмкін жазбаны көпшілікке жария еткен. Бұған дейін бұл құжат оның камераласымен байланысты қылмыстық іс аясында құпия сақталған.

Судья мұндай шешімді The New York Times басылымы құжатты жариялау туралы өтініш білдіргеннен кейін қабылдаған.

Хат мәтінінде «Олар мені бірнеше ай бойы тексерді, бірақ ештеңе таппады» деген мазмұндағы жолдар кездеседі. Сондай-ақ онда автор өзіне тағылған айыптардың көпшілігі бұрынғы оқиғаларға қатысты екенін айтады.

Жазбада эмоциялық сипаттағы пікірлер де бар: «Қоштасу уақытын өзің таңдау — бір ғанибет. Менен не күтесіңдер? Жылап жіберейін бе? Бұл күлкілі емес, оған тұрмайды» деген жолдар келтірілген.

Эпштейннің камераласы Николас Тартаглионе бұл жазбаны 2019 жылдың шілдесінде тапқанын айтқан. Оның сөзінше, сол кезеңде Эпштейн ес-түссіз күйде, мойнына мата оралған жағдайда табылған. Кейін ол Төменгі Манхэттендегі түзету мекемесінде қайтыс болған.

Сонымен қатар The New York Times журналистері хаттың түпнұсқалығы толық расталмағанын атап өтеді. Дегенмен мәтіндегі кейбір тіркестер Эпштейннің бұрынғы электрондық хаттарында жиі қолданған сөздерге ұқсас екені айтылады.

Айта кетейік, Эпштейн ісіне қатысты материалдарда Қазақстанның бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің есімі де бірнеше рет аталған. Электрондық хаттар мен өзге құжаттарда оның аты кемінде сегіз мәрте кездесетіні көрсетілген. Бұл деректер 2011–2015 жылдар аралығын қамтиды, ал Бас прокуратура хаттың шынайылығын тексеріп жатыр.