Прокурор блогер Жанәбіловтерге жаза сұрады
Сот жарыссөзі барысында прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайруллаев блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады
Мемлекеттік айыптаушы бұдан жеңіл жаза заңдылық пен әділдік қағидаттарына сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
"Бас бостандығынан айырудан өзге, неғұрлым жеңіл жаза түрін қолдану сотталушылардың оқшаулау жағдайынан тыс түзелуін қамтамасыз етпейді және жаңа қылмыстардың алдын алу функциясын орындай алмайды. Нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау - әлеуметтік әділдікті қалпына келтіре алатын жалғыз жаза түрі", - деді ол.
Айыптау тарапы сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескеруді сұрады. Прокурордың айтуынша, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Прокурор Ерболат Жанәбіловті Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп тануды сұрады.
214-баптың 2-бөлігі 2-тармағы бойынша оған мүлкі тәркіленіп, 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы, 218-баптың 2-бөлігі 1-тармағы бойынша мүлкі тәркіленіп, 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы сұралды.
Қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша, неғұрлым жеңіл жазаны неғұрлым ауыр жазамен сіңіру арқылы айыптау тарапы Жанәбіловке мүлкі тәркіленіп, түпкілікті 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және оны қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеуді сұрады.
Сондай-ақ прокурор бұлтартпау шарасын үйқамақтан күзетпен ұстауға өзгертуді және оны сот залында қамауға алуды сұрады.
Прокурор Эльмира Төлегеноваға да осындай жаза сұрады.
Айыптаушы тарап оны мүлкі тәркіленіп, 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесу қажет деп санайды. Бұл ретте Хайруллаев Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес жазаның орындалуын бір жылға шегеруді сұрады.
Үкім заңды күшіне енгенге дейін Төлегеноваға қатысты бұлтартпау шарасын үйқамақтан ешқайда кетпеу туралы қолхатқа өзгерту ұсынылды.
14 сәуірде сотта блогер Эльмира Төлегенова кінәсін ішінара мойындады. Бұған дейін процесс барысында блогер Ерболат Жанәбілов жауап берген болатын. Ол сотта жылап жіберіп, кінәсін ішінара мойындаған болатын.
"Мен неге дәл біз екенін түсінбеймін. Бұл ата-анамызға өте ауыр тиіп жатыр. Мен түсінбеймін: бәлкім, біреудің жолын кескен шығармыз? Менің орнымда кез келген адам болуы мүмкін. Бүгін болмаса, ертең. Мен тіпті жауларыма да мұндай жағдайға тап болып, сот алдында тұруды тілемеймін", - деді ол.
Еске сала кетейік, бүгін сотта Жанәбіловтар ісі бойынша тараптардың жарыссөзі басталды.
Блогер Жанәбіловтердің соты
16 наурызда Астанада елордалық блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың ісі бойынша сот процесі басталды. Ерлі-зайыпты сот отырысы кезінде журналистердің фото мен видеоға түсіруіне қарсы шықты.
Бұған дейін сотта прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайруллаев айыптау актісін оқыды. Онда акциялар аясында көрсетілген ұтыстар пен сыйлықтар қатысушылардың ақшасына сатып алынғаны, алайда жарнамада ұтыс қоры ұйымдастырушылардың өз қаражаты есебінен қалыптасқандай көрсетілгені айтылды. Тергеу мәліметі бойынша, акциялар өткізілген кезеңде жобамен байланысты есепшоттарға 247 миллион 653 мың теңге түскен.
Айта кетейік, блогерлер заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) бойынша айыпталып отыр.