Атыраудағы қанды қылмыс: тергеу кезінде жаңа мәліметтер белгілі болды
Атырау облысында бір отбасының қаза табуына қатысты іс бойынша қосымша деректер жарияланды, деп хабарлайды buginmedia.kz "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Облыстық прокуратура өкілінің мәліметінше, тергеу барысында күдіктіге қатысты бірқатар маңызды жайттар анықталған. Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, күдіктіге сот-психиатриялық сараптама жүргізіліп, оның ақыл-есі дұрыс екені және өз әрекеттеріне толық жауап бере алатыны белгілі болған.
Сондай-ақ тергеу барысында отбасы мүшелерінің әртүрлі уақытта қаза тапқаны анықталған: Наурыз есімді азамат мамыр айында, ал қалғандары қараша айында өлтірілген.
Прокуратура мәліметінше, бұл қылмыста сыртқы күштердің немесе өзге адамдардың қатысы анықталмаған.
"Барлық оқиға күдікті мен жәбірленушілер оңаша қалған кезде орын алған. Басқа тұлғалардың қатысы жоқ", – деді Жандар Болатбек.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.