"40 жыл жұмыс істесе, зейнетке ерте шыға ма": министр жауап берді
Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев қазақстандықтарға 40 жыл еңбек өтілі болған жағдайда зейнетке ерте шығу құқығын беру туралы ұсынысқа пікір білдірді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
нетЕртаев бұл бастама Еңбек министрлігі тарапынан зерттеліп, қарау үшін ведомстволық ұйымдар мен сарапшыларға жолданғанын айтты.
«Олар өз ұсыныстарын беруі үшін жолданды. Жалпы алғанда, жұмыс тобында бірнеше ұсыныс қаралады. Біріншісі — мен айтқандай, “4 + 1” моделі. Бұл — БЖЗҚ қорының ұсынысы. Сонымен қатар біздің Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан сақтандыру зейнетақысы бойынша ұсыныс бар және үшіншісі — сенатор ұсынған нұсқа», - деді Ертаев Үкіметтегі брифингте.
Оның айтуынша, жұмыс тобының отырыстары мамыр айында басталып, ай соңына дейін жалғасады.
Бұған дейін сенатор Амангелді Нұғманов қолданыстағы зейнетақы жүйесін қайта қарауды және зейнетақы негізінен жасқа байланысты тағайындалатын модельден кезең-кезеңімен бас тартуды ұсынған болатын. Оның орнына еңбек өтілі, денсаулық жағдайы және адамның нақты еңбекке қабілеттілігі ескерілетін икемді тәсілді енгізуді қолдады. Сондай-ақ сенатор бұл бастамаларды пысықтау үшін арнайы ведомствоаралық жұмыс тобын құруды ұсынды.
Сонымен қатар Қазақстанда тағы бір зейнетақы реформасы «4 + 1» моделі талқылануда. Бұл модель бойынша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының 5 пайызының 4 пайызы қызметкерлердің жеке шоттарына, ал 1 пайызы ортақ сақтандыру қорына бағытталады. Осы тәсілдер бойынша түпкілікті шешімді 1 маусымға дейін қабылдау жоспарланып отыр.
Тағы бір талқыланып жатқан мәселе — жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары. Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы бұл мөлшерлеме қызметкер табысының 3,5 пайызын құрайды, ал 2028 жылға қарай 5 пайызға жетуі тиіс. Бұл тетіктің тиімділігі биылғы нәтижелермен де дәлелденіп отыр. 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмыс берушілер 5,8 миллион қазақстандықты қосымша зейнетақымен қамтамасыз еткен. Жыл басынан бері олардың пайдасына 951 миллиард теңге аударылған.