Қазақстанда ҰБТ тапсыру және педагогикалық мамандықтарға түсу тәртібі өзгереді
Енді педагогикалық жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібін өзгертіліп, ҰБТ жүйесі бойынша талапкерлерді іріктеудің жаңа тәсілдерін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Аида Балаеваның айтуынша, алдағы уақытта бірқатар өзгеріс болады. Бірінші. Педагогикалық жоғары оқу орындарына талапкерлерді іріктеу кезінде тестілеу жүйесі мен арнайы емтихандарды қатар қолданатын гибридті бағалау формасын енгізу. Бұл ретте негізгі назар тек пәндік білімге ғана емес, ойлау қабілетіне, талдау дағдыларына, оқуға дайындық деңгейіне және басқа да маңызды көрсеткіштерге аударылуы тиіс.
Өйткені «педагог» — жай ғана мамандық емес. Бұл — балалармен жұмыс істейтін, үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған тұлға. Сондықтан бұл мамандық үшін біліммен қатар, сыныппен жұмыс істеу, оқушылардың ерекше қабілеттерін анықтай білу аса маңызды.
"Келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ҰБТ-мен қатар ауызша емтихандардың нәтижелері де ескерілмек. Бұл емтихандарда талапкерлердің сыни ойлау қабілеті мен коммуникациялық дағдылары негізгі критерий болады. Сондай-ақ бұл мәселеде халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленіп жатқан жаңа Admissions Insight Test тапсырмаларына ерекше мән беріледі. Екінші. ҰБТ-ны тұтастай жаңғыртып, оны бір рет тапсыратындай етіп бекіту қажет. Бұл грант конкурсына қатысу үшін объективті әрі ең басты баға ретінде қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар білім деңгейін өзін-өзі бағалау және дайындық әдістерін уақытылы түзету үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады. Үшінші. Жоғары оқу орындарына дайындық бағдарламалары (Foundation) арқылы шартты түрде қабылдау жүйесінен бас тарту қажет", - деді министр.
Соңғы көрсеткіштер бойынша шартты түрде қабылданған студенттердің шамамен 50-60 пайызы оқу жылы ішінде ең төменгі шекті баллды жинай алмайды. Сондықтан талапкерлердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауы аса маңызды.
"ҰБТ жүйесін өзгерту — тестілеуден бас тарту емес екенін тағы да атап өткім келеді. Бұл — дарынды талапкерлерді анықтауға, әділ іріктеуге бағытталған маңызды қадам. Сондықтан ұсынылып отырған өзгерістер білім беру сапасын арттыруға және елдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз болады деп сенемін", - деді Аида Балаева.