Жаңалықтар

Астанада үш бала өрттен қаза тапты: дәрігерлер аман қалған әйелдің жағдайы қалай екенін айтты

Бүгін түнде 112 жедел қызметіне Астана қаласының Есіл ауданындағы Түркістан көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шыққаны туралы хабарлама түсті, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, құтқарушылар келген кезде пәтердің бүкіл аумағы ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды. Пәтер металл есікпен жабылған, екі құлып орнатылған, оны құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен бұзып ашқан.
 

"Өртті сөндіру барысында жанып жатқан пәтерден бір әйел құтқарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Оқиға орнынан үш кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды", - делінген хабарламада.

ТЖД қызметкерлері жоғарғы қабаттардан 20 адамды эвакуациялады, тағы 40-қа жуық адам ғимараттан өз бетімен шықты.
Өрт толық сөндірілді.

Өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның мән-жайы мен шығу себебін анықтау үшін сараптамалар тағайындалды.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, әйел №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылған.

"Қазіргі уақытта науқас жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр деп бағалануда", - деп мәлімдеді басқармадан.

Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнында жедел медициналық жәрдемнің үш бригадасы жұмыс істеген.