Білім мен ғылым қозғалысқа айналатын кеңістік: PRO.NRG FEST 2026 қалай өтті?
11 сәуірде Астанада PRO.NRG FEST 2026 бесінші отбасылық фестивалі өтті. Фестиваль аясында 40-тан астам интерактивті аймақ құрылып, оған 10 мыңнан астам адам қатысты. Биылғы басты тақырып "Жердегі ең басты ресурс – су" деп аталды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Биыл шараға 10 мыңнан астам адам – мектеп оқушылары, мұғалімдер, ата-аналар, ғалымдар, сондай-ақ бизнес пен коммерциялық емес сектордың өкілдері қатысты. Фестивальді ұйымдастырушылар Caravan of Knowledge корпоративтік қоры мен «Шеврон» компаниясы.
Фестивалдің мерейтойы Ғылым күні мен Ғарышкерлер күні қарсаңында өтті. Фестивальдің негізгі тақырыбы су болды, ал Flow of Science («Ғылым ағыны») тұжырымдамасы ғылымды, технологиялар мен өнерді қазіргі заманның басты сын-тегеуріндерінің бірі – су ресурстарын сақтау төңірегінде біріктірді.
«Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» АҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулланың айтуынша, су ресурстары тапшылығы артып жатқан жағдайда суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру – басты міндеттердің бірі.
«Қазақстандағы су ресурстарының шамамен 56%-ы ел аумағында қалыптасады. Ал қалған 44%-ы трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Олар – Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және ішінара Тәжікстан. Осыған байланысты су дипломатиясын дамыту және су ресурстарына ұқыпты қарау ерекше маңызға ие», - деді сарапшы.
Оның сөзінше, Қазақстанда судың шамамен 60%-ы ауыл шаруашылығында, 30%-ы өнеркәсіпте, ал тек 10%-ы тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалады. Соған қарамастан, азаматтардың күнделікті әдеттері су пайдалану мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
"Мәдениет әр адамның өзінен басталады. Алдымен үйде, ата-ананың үлгісінен, кейін мектепте қалыптасады. Сондықтан өткен жылдан бастап біз Астана мен өңірлердегі оқу орындарында экосағаттар өткізіп келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, су – стратегиялық ресурс. Сондықтан оған ұқыпты қарау мәдениетіне ерекше көңіл бөлу қажет", - деді Қайратғали Хайрулла.
«PRO.NRG FEST – бұл жай ғана фестиваль емес, бұл білім қозғалысқа айналатын кеңістік. Осы жылғы тақырыптың негізінде су ағыны идеясы жатыр. Су сияқты білім тоқтамауы тиіс. Ол идеядан тәжірибеге, тәжірибеден өмірдегі шынайы өзгерістерге өтуі тиіс. «Шеврон» компаниясымен серіктесіп, біз бала-зерттеушіге, мұғалім – жаңа дағдылардың иегеріне, ата-ана білім, ғылым, бизнес және қоғам біртұтас экожүйеге бірігетін болашақ ортаны құрамыз. Біз үшін ғылымның сынып шегінен тыс шығып, өмірдің бір бөлігіне айналуы маңызды, өйткені елді өзгерте алатын ойлау мәдениеті дәл осылай қалыптасады», - дейді Caravan of Knowledge қорының құрылтайшысы Зарина Биюмбаева.

«Шеврон Еуразия» президенті Дерек Магнесс «PRO.NRG FEST ғылымды сезіндіретін, жаңа идеялар мен көзқарастар пайда болатын кеңістік екенін айтты.
«Бүгінгі таңда біз қарқынды – технологиялық, экологиялық және әлеуметтік өзгерістер әлемінде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай жағдайда әуесқойлық болашақ ұрпақ дамыта алатын ең құнды дағдылардың біріне айналады. Ол оқу қызықтырып, сұрақтар көтерілетін және қателер процестің табиғи бір бөлігі ретінде қабылданатын жерде пайда болады. PRO.NRG FEST тәжірибе, өзара іс-қимыл жасау және жаңалықтар арқылы оқыту философиясын ұстанады. Мектеп оқушыларына зерттеуден және үйреншікті нәрселерге күмәнмен қараудан қорықпауға шақырамын. Ал педагогтерге, серіктестер мен фестивальдің ұйымдастырушыларына білім шынайы өмірде қолданылатын орта құрғаны үшін шынайы алғыс білдіремін. Сіздердің жұмыстарыңыз білім – бұл емтиханға дайындық қана емес, сонымен қатар, өмірге де дайындық екенін есімізге салады», - деді ол.

Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов PRO.NRG FEST өскелең ұрпақтың ғылыми ойлауын мен экологиялық мәдениетін дамытуға бағытталғанын айтты.
«Мемлекет басшысы алдымызға озық ойлы ұлт қалыптастыру міндетін қойды. Осыған байланысты мектеп оқушыларын ғылымға тартып, олардың ізденіс дағдыларын дамыту және білім беру бастамаларын қолдау ерекше маңызға ие. Балаларда табиғатқа ұқыпты қарайтын көзқарасты қалыптастыру да білім беру жүйесі басымдықтарының бірі болып табылады. PRO.NRG FEST сияқты жобалар білімді практикамен ұштастыруға көмектесіп, мектеп оқушыларының ғылымға деген орнықты қызығушылығы мен қоршаған орта үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыра отырып, маңызды рөл атқарады», - деді вице-министр.

PRO.NRG FEST 2026 бағдарламасында ғылыми квесттерді, интерактивті digital-аймақтарды қоса алғанда, 40-тан астам интерактивті аймақ құрылып, дәстүр бойынша әрқайсысы ғылым мен білім бойынша бірнеше секцияға бөлінді.
Қазіргі білім берудегі педагог рөліне арналған USTAZ секциясында спикерлер стартаптар құру тұрғысынан мектеп тәжірибесінің әлеуетін зерттеп, білім алушылардың ынтасын арттыру үшін Гарвардтың бизнес-құралдарымен бөлісті. «Дана» мектебінің академиялық директоры Алина Әлімбаева мұғалімдер арасында эмоциялық шаршап-шалдығудың алдын алу туралы дәріс оқыды. Химия магистрі, білім беру курстарының авторы шаршап-шалдығуды «ішкі құрғақшылықпен» салыстырып, проблемаға қатысты авторлық пайымын ұсынды және әріптестеріне эмоциялық ресурстарды қалпына келтіру бойынша тиімді стратегияларды ұсынды.
«Өкінішке қарай, шаршап-шалдығу жасарып кетті. Мұғалім мектепке келіп, аздап қана жұмыс істейді, бірақ соның өзінде өзін шаршап-шалдыққандай сезінетін жағдайлар жиі кездеседі... Біз көп жағдайда «суға батып бара жатқан адамды құтқару – бұл суға батып бара жатқан адамның ісі» екенін ұмытып, көмекті сырттан күтеміз. Ең бастысы – тепе-теңдік орнатып, уақытынан бұрын шаршап-шалдықпас үшін нені және қалай істеу керектігін түсіну», - дейді Алина Әлімбаева.

Art&Science секциясында PRO.NRG FEST ғылым мен өнерді біріктірді. Шығармашылық кәсіптер саласындағы кәсіпқой мамандар ғылыми тұжырымдамалардың қалайша шабыт беріп, әртүрлі шығармашылық нысандарда көрініс таба алатынын зерттеді. Мәселен, эколог, экожаттықтырушы әрі экоэтнодизайнер Ботакөз Сәдібекова «Орнықты сән: ғылым, өнер және табиғат тоғысында» тақырыбында сөз қозғап, осы салалардың қазіргі заманғы индустрияда қалай үйлесетінін көрсетті.
«Орнықты сән бүгінгі таңда – бұл жай ғана тренд емес, бұл қажеттілік. Жылдам сән индустриясының салдарынан жыл сайын шамамен 92 миллион тонна киім мен тоқыма қалдықтары полигондарға тасталады. Іс жүзінде әр секунд сайын жүк көлігіндей киім қоқысқа тасталады. Егер жағдай өзгермесе, адамзат бұл қалдықтарға батып кетеді. Сондықтан әрбір затты бағалап, ресурстарымызға ұқыпты қарау керек, өйткені олардың да шегі бар», - деді ол.

Фестиваль танымал жас ғалымдар мен зерттеушілер өз жаңалықтарымен кең аудиториямен бөлісетін алаң. Биыл бағдарламаның аясында физика, математика, химия, биология, астрономия бойынша қызықты дәрістер оқылды.
№ 134 мектеп-лицейінің жоғары сыныптарға сабақ беретін математика пәнінің мұғалімі Евгений Солоницын «Суда қанша математика бар?» деген тақырыпқа интерактивті дәріс өткізді. Ол математикалық қағидаттардың экологиядағы, гидроэнергетика мен суды үнемдеудегі өзекті міндеттерді шешуге қалайша көмектесетінін көрсетті.
«Математикалық есеп-қисаптар технологияларды салыстырып, ең ұтымды шешімдерді таңдауға көмектеседі. Егер өмірге есеп ретінде қарайтын болсақ, онда бәрі біршама түсінікті болады. Бастапқы деректер бар, сұрақ бар және шешімді табу керек. Егер адамдар осылай жиі ойланатын болса, оларға жол табу оңай болады. Сол кезде әлем, бәлкім, оларға сәл оңайырақ болып көрінер», - дейді ол.

«Су ырғақтары» бағыты PRO.NRG FEST 2026 фестивалінің басты тақырыбы, жаңалығы болды. Қазақстандық және халықаралық сарапшылар республикамыздағы су ресурстарының жай-күйі, ауызсудың тапшылығы және оны тазартудың инновациялық әдістері туралы жан-жақты пікір алмасты. Мәселен, қазақстандық ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының өкілдері PRO.NRG FEST 2026-да балалардың шығармашылық жұмыстары арқылы су мәселесін көтерді. Фестивальде TURAQTY JOL эко-науқанымен ақпараттық стенд және мұздықтардың еруіне арналған конкурс жеңімпаздары жұмыстарының көрмесі ұсынылды.
"Климаттық зерттеулер орталығы" республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері де фестивальге келіп, пластиктің адам ағзасына қалай еніп, денсаулығына зиян келтіретінін келушілерге түсіндірді.
"Мен еріктімін, өзім осы бірлестікке мүшелікке кірдім.Жер бетінде қазір өте өзекті бір проблема бар. Адамдар қоқыстарды тастай береді. Осы қоқыстар бес жерде жиналған. Осы қоқыстардағы пластиктер түбінде адам ағзасына түсіп, ауруға себеп болып жатыр. Кез келген мемлекет оны өзі жалғыз шеше алмайды. Оны бүкіл әлем болып ақылдасып шешу керек. Әсіресе, пластик адам денесіне су арқылы енеді. Мысалы, жуынғанда тері арқылы, топырақтағы өсімдік жемісі арқылы, жануарлар ішкен жерасты суымен, балық арқылы дастарханымызға түсуі мүмкін. Жауын-жаңбыр арқылы ағзамызға енуі мүмкін. Пластик адам денесіне енген соң қайта шықпайды. Оның зияны электрлік зарядында, олар адам жасушасын зақымдайды. Аутизм ауруының көбеюіне де себеп болып жатқаны дәлелденген", - дейді бірлестіктің мүшесі Балжан Икашева.

PRO.NRG ғылыми фестивалі халықаралық мәртебеге ие және жыл сайын шетелдік қонақтарды таңдалған тақырып бойынша спикерлер мен сарапшылар ретінде шақырады. Биыл Фин су форумы жобасының жетекшісі доктор Арво Нерман және National Geographic зерттеушісі әрі фотографы, World Press Photo Awards 2023 сыйлығының лауреаты Ануш Бабаджанян фестивальдің арнайы қонақтары болды. Доктор Арво Нерман PRO.NRG-де сөйлеген сөзінде су ресурстарын кешенді басқарудың заманауи көзқарастары мен үздік практикаларын ұсынып, сондай-ақ ынтымақтастық болашағын анықтап берді.
Ануш Бабаджанян Германия мен Арменияда жұмыс істейді. Оның шығармашылығы әлеуметтік тақырыптар және адамдардың өмірі мен тағдыры жайлы баяндайды. Ұзақмерзімді жобаларының шеңберінде ол күнделікті өмірдің күрделі және көбінесе, аз зерделенген аспектілерін аша отырып, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдеріндегі өмірді зерттейді. Фестиваль аясында Ануш келушілермен шығармашылық кездесу өткізіп, онда өзінің жұмыстары, байқаулары мен авторлық тұжырымдамалары туралы айтты.

Биыл PRO.NRG FEST-те текөрермендерге көптеген интерактивті шоулар көрсетілді. «Мұздату сиқыры» крио-шоуына қатысушылар балалар мен ересектерді әсерлі қойылымымен таңғалдырып, заттарды мұздату, «түтіндейтін» попкорн және сиқырлы бұлттарды көрсетті. Елордалық Sintez іздестіру-эксперименттік театры Всеволод Мейерхольд әдістемесі бойынша «Сыртқыдан ішкіге қарай» интерактивті шоу-перфомансымен өнер көрсетті, сондай-ақ Абай Құнанбаевтың 17-ші Қара сөзіне негізделген «Адам тіршілігінің формуласы» атты қазақ тіліндегі заманауи интерактивті қойылымды көрсетті.

«Ғылымдағы дебют» конкурсы
«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған 8 – 11-сынып оқушылары арасындағы «Ғылымдағы дебют» ғылыми жобалар конкурсының финалы фестивальдің басты оқиғаларының бірі болды. Су тақырыбына арналған 100-ден астам мектеп жобалары төрт бағытта - «Су энергия мен физикалық процестердің көзі ретінде», «Су, экология және адам денсаулығы», «Су сәулет пен құрылыста» және «Су: камера арқылы көзқарас» арнайы секциясы – қысқа бейнероликтердің презентациясы ұсынылды.Конкурстың жас қатысушылары гидроэнергетикалық қондырғылардың макеттерін, суды сүзу жүйелерін, экологиялық модельдер мен зерттеу жұмыстарын көрсетті.
Конкурстың қорытындысы бойынша үздік жоба иелеріне диплом, сертификат және бағалы жүлделер табысталды.

Астрономиялық байқаулар кеші
Биыл фестиваль аясында алғаш рет Astro Astana мектебінің негізін қалаушы және ғылымды дәріптеуші Артур Гайдуктың жетекшілігімен ауқымды астрономиялық байқаулар кеші өтті. Кешкі уақытта Астана ЭКСПО ПАРКІНІҢ аумағында балалар мен ересектер телескоптар арқылы алыстағы объектілерді – Юпитерді және Мицар мен Алькор қосарлы жұлдыздар жүйесін тамашалады.
«Қазақстан үшін 12 сәуір – Ғарышкерлер күні маңызды күн, өйткені дәл осы біздің жерімізден адамзат ғарышқа ұшты. Биыл фестивальдің басты кейіпкері су болды. Осы маңызды ресурстың ғылыммен, математикамен, физикамен, экологиямен, дизайнмен және тіпті астрономиямен қалай байланысатынын көру қызықты. Ғарыштық зерттеулер тұщы судың жаңа жерасты көздерін іздеуге жол ашады, ал су Жерде ғана емес, сонымен қатар, өзге де формада басқа ғаламшарлар мен экзоғаламшарларда кездеседі», - деді Артур Гайдук.
Мерейтойлық PRO.NRG FEST 2026 еліміздің жетекші білім беру платформасы екенін тағы бір рет растады. PRO.NRG орнықты болашақ құру үшін ғылымды, білім мен қоғамды біріктіреді.