Ұлытау облысында төрт баласы бар ананы пышақтап өлтіріп кетті
Ұлытау облысында төрт баласы бар ананы пышақтап өлтіріп кетті, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ұлытау облысының Жәйрем кентінде 42 жастағы әйелдің өлгені туралы оқиға тіркелді. Тергеу қызметінің мәліметінше, қылмысқа қатысыу болуы мүмкін деп бақилық болған әйелмен бірге тұрып келген, 33 жасар серіктесі күдікке ілініп отыр.
Марқұм отбасын өзі жалғыз асырап келген: кәсіппен айналысып, дүкен ұстаған, әрі тұрғын үйді жалға беріп табыс тауып келген. Көз жұмған әйелдің төрт баласы бар, олардың арасында бір баласының мүгедектігі бар.
Жақындарының айтуынша, ер адамның тұрақты жұмысы болмаған, жиі ішімдікке салынып, қоқан-лоқы танытқан. Олардың сөзінше, күдікті бұған дейін де зорлық-зомбылық көрсеткен.
Қайғылы оқиға қарсаңында әйел қарым-қатынасты тоқтатуға шешім қабылдаған, алайда уақытша оның өз пәтерінде тұруына рұқсат берген.
Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл күндіз дүкен ішінде болған. Ер адам сол жерге келіп, әйелге пышақпен тап берген. Алған жарақаттарының салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды.
Оқиғадан кейін күдікті өзіне қол жұмсамақшы болған, алайда аман қалған. Қазіргі уақытта ол медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында.
Ұлытау облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
"Күдікті — марқұмның 33 жастағы бірге тұрған серіктесі, жергілікті тұрғын. Қылмыс жасағаннан кейін ол өзіне зақым келтіруге әрекеттенген, қазіргі уақытта медициналық мекемеде жатыр, полицияның тәулік бойы күзетінде. Сот оның қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Емдеу аяқталғаннан кейін күдікті дереу тергеу изоляторына қамалады. Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында", — деп хабарлады ведомство.
Аталған іс аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру бабы бойынша тергелуде. Марқұмның туыстары істің әділ қаралуына үміт артып, балаларға қамқоршылық рәсімдеуді жоспарлап отыр.