Білім

Мұғалімдердің біліктілігін тексеруді тоқтату: тест тапсырғандар үстемеақы ала ма?

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтердің білімін бағалау тесті  тоқтатылғанына қарамастан, бұған дейін сынақтан өткен 51 мың мұғалім өздерінің шекті балын жинағанын айтты,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Бұл педагогтер аттестацияның барлық кезеңдерін портфолиосымен бірге аяқтап, қыркүйектен бастап қосымша үстемеақыларын алатын болады.

"Жалпы бұған дейін тапсырған 51 мың адам бар. 51 мың педагог өзінің шекті балын жинаған екен. Ол педагогтер өзінің шекті балын жинап, бүкіл портфолиосын жинақтап, өзі кәдімгідей тапсыратын кезеңімен, яғни өзінің бүгінгі таңда көрсетіліп тұрған аттестациядағы кезеңдерді тапсырады. Қыркүйектен бастап өткендері өздерінің қосымша үстемеақыларын алатын болады", – деді Жұлдыз Сүлейменова. 

Еске салайық, кеше оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы Қазақстанда педагогтердің білімін бағалау рәсімі тоқтатылғанын хабарлаған болатын. Алайда бұл хабарлама педагог қоғамдастығында түсініспеушіліктер туғызып, тіпті сын пікірлер де жазылды. Сондай-ақ, бұл тоқтату уақытша сипатқа ие екені туралы да жазылды.