Қазақстанда балалар ата-аналарына қамқорлық жасауға міндеттелмек
Конституциялық комиссия отырысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқор болу міндетін Конституцияда бекіту жөнінде ұсыныс білдірді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оның айтуынша, жас ұрпақты тәрбиелеуде ұрпақтар арасындағы өзара жауапкершілік қағидаты аса маңызды рөл атқарады.
«Конституция жобасында қарастырылған ұрпақтардың өзара жауапкершілігі туралы норма еңбекке қабілетті, кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасау міндетін айқындайды. Бұл талап тек құқықтық сипатта ғана емес, сонымен қатар терең адамгершілік және құндылықтық мәнге ие», – деді Динара Закиева.
Балалар омбудсменінің пікірінше, мұндай бастама отбасылық бірлікті нығайтуға, өзара сыйластық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ дәстүрлі құндылықтарды сақтауға ықпал етеді.