"Пара сомасы шамамен 323 млн теңгені құрауы мүмкін": ҰҚК Алматы облысында әкімнің орынбасары тергеліп жатқанын растады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысы Іле ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Қуат Ақшабаевтың ұсталғаны туралы желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Telegram желісіндегі Egov.press арнасында «ҰҚК РК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасары Қуат Ақшабаевты 28 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұстады» деп жазылған.
Кейінірек болжамды пара сомасы шамамен 323 млн теңгені құрауы мүмкін екені туралы да ақпарат тарады.
ҰҚК сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын растады. Алайда Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге мәліметтерді жария етпеді.
Осыған байланысты шенеуніктің шынымен ұсталған-ұсталмағаны, оған қандай бұлтартпау шарасы қолданылғаны, қай бап бойынша айып тағылғаны және істің басқа да мән-жайлары әзірге белгісіз.