Шетпеде 42 жастағы азамат өгей қызын зорлап, кейін өзін атып өлтірген
Маңғыстау облысында 42 жастағы азамат өзін аңшы мылтығымен атып өлтірді. Қайғылы жағдай Шетпе кентінде болған. Оған 13 жасар өгей қызын зорлады деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды buginmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
1984 жылы туған Қазыбек Салихов 20 қаңтар күні атылып өлген. Ал 24 қаңтар күні полицияға 13 жастағы қыз балаға жыныстық зорлық жасалғаны туралы арыз түскен.
Тексеру барысында өзіне қол салған өгей әкенің осындай айуандыққа барғаны анықталған. Марқұм соңғы уақытта еш жерде жұмыс істемеген. Бұрын сотты болмаған. Сондай-ақ психиатрия және наркологияда есепте тұрмаған.
«Полиция ҚР ҚК 120-бабының 4-бөлігі — кәмелетке толмағанды зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Кәмелетке толмағанның құқығы мен заңды мүддесін қорғау қамтылады. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейді», - дейді Маңғыстау облысы ПД баспасөз хатшысы Әйгерім Ибадуллаева.