Қазақстанда сот рұқсатынсыз ұстау мерзімін 48 сағатқа дейін қысқару ұсынылды: Бас прокуратура мәлімдеме жасады
Қазақстан Конституциясына сот шешімінсіз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартуды көздейтін өзгерістер енгізу ұсынылды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысында Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева мәлімдеді.
«Сондай-ақ екінші тармақта сотсыз, яғни соттың санкциясынсыз ұстау шегі өзгереді — 48 сағаттан аспауы тиіс, ал 72 сағатқа дейін тек заңда тікелей көзделген ерекше жағдайларда ғана жол беріледі», - деді Имашева.
Сонымен қатар, ұстау сәтінде адам құқықтарын міндетті түрде түсіндіру нормасы енгізіледі. Әрбір ұсталған адамға бостандығын шектеудің негіздері мен оның құқықтары түсіндірілетін болады.
Бас прокуродыың орынбасары Жандос Өмірәлиев Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында сөз сөйлеп, бірқатар ұсыныстарға қатысты қадағалау органының ұстанымын білдірді.
Атап айтқанда, Өмірәлиев сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартуды Конституцияда бекіту қажеттігіне күмән келтірді.
Бас прокурордың орынбасарының айтуынша, қолданыстағы қылмыстық-процестік заңнама бұл мәселені қазірдің өзінде жан-жақты реттейді, ал сот-тергеу тәжірибесі мен цифрлық инфрақұрылым күдіктілерді ұстау уақытын 24–36 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік беріп отыр.
«Осы тұрғыда Конституцияның 16-бабына адамды сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту жөніндегі ұсынылып отырған өзгеріс салмақты әрі байыпты көзқарасты талап етеді. Конституцияда адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының негізгі кепілдіктері қазірдің өзінде бар. Конституцияның өзінде нақты 48 сағаттық мерзімді және оны ерекше жағдайларда ұзартудың негіздерін егжей-тегжейлі көрсету, біздің ойымызша, сәл артық», — деді Өмірәлиев.
Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, бүгінде күдіктілерді сот санкциясынсыз ұстау мерзімі жағдайлардың 85 пайызында 48 сағаттан аспайды.
«Технологиялық инфрақұрылым тергеу органдарына ұсталған адамдарға қатысты бұлтартпау шарасын 36 сағаттың ішінде, тіпті 24 сағаттың өзінде таңдауға немесе оларды босатуға мүмкіндік береді. Сондықтан ұстау мерзімдерін болашақта одан әрі қысқарту сияқты кез келген өзгерістер Негізгі заңға түзетулер енгізудің күрделі рәсімінен өтуді талап етеді», — деді ол.
Бас прокурордың орынбасары бұл өзгерістер заңнаманың икемділігін едәуір шектейді деген пікір білдірді. Ол конституциялық деңгейде ең алдымен әрбір адамның жеке өміріне қол сұғылмауын және құқықтарының бұзылмауын бекіту маңызды екенін атап өтті.
«Басқаша айтқанда, адамға күдікті мәртебесі берілген алғашқы секундтардан бастап оның білікті қорғауға құқығы қамтамасыз етілуі тиіс, адвокаттың қатысуы біздің қағидатты талабымыз. Өкінішке қарай, тәжірибеде көптеген адамдар өз құқықтары мен заң нормаларын толық біле бермейді», - деді ол.
Сонымен бірге Бас прокурордың орынбасары Қазақстанда “Миранда ережесін” енгізу ұсынысымен келісті. Оның айтуынша, бұл тергеудің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ететін негізгі кепіл болмақ.
«Адам тағдыры таразыға түскен сәтте әрбір азамат өз құқықтарын анық әрі нық білуі тиіс. Ал мемлекет, өз кезегінде, олардың қорғалуына сенімді әрі мызғымас кепіл болуға міндетті», - деп түйіндеді ол.