Серік Сәпиевке шабуыл жасалып, дене жарақатын алды
21 қаңтар күні Қарағанды облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында жанжал шықты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, екі ер адам арасында сөзге келіспеушілік туындап, ол төбелеске ұласып, Серік Сәпиев дене жарақатын алған. Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары «Соққыға жығу» бабы аясында қылмыстық іс тіркеді. Бұл бап айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасын көздейді.
Материал жарияланған сәтке дейін Серік Сәпиевтен және оның орынбасары Даурен Есімхановтан түсініктеме алу мүмкін болмады. Оқиғаға қатысты ресми ұстаным әзірге жарияланған жоқ.
Қарағанды облысы полиция департаменті тергеудің басталғанын растады. Ведомствоның мәліметінше, Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат таратылмайды.
Айта кетейік, Серік Сәпиев — 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Қазіргі таңда ол Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарады.
Ал оның орынбасары Даурен Есімханов — самбо және жауынгерлік самбодан Азия мен әлем чемпионаттарының жүлдегері, World Games күміс жүлдегері, сондай-ақ джиу-джитсудан әлем чемпионы.