Саясат

Тоқаев пен Трамп Давоста не жөнінде әңгімелескені белгілі болды

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев не туралы сөйлескенін жария етті, деп хабарлайды Buginmedia.kz.

Айтуынша, бірқатар БАҚ өкілдері Давоста өткен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсімінде Мемлекет басшысы мен Америка Президенті арасындағы қысқаша әңгіменің мазмұнына қатысты сауал жолдаған.

"Қасым-Жомарт Тоқаев Давос форумында таратылған «Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі» деп аталатын ресми құжаттың 177-тармағында Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғаны жетістік ретінде көрсетілгеніне назар аударды", - деп жазды ол.

Бұдан бөлек, Президент Америка көшбасшысына ақыл-парасатқа негізделген ішкі саясатты жүзеге асыруда табыс тілеген.

"Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесін құру туралы бастамасына қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты", - дейді Руслан Желдібай.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойған еді.