Жаңалықтар

«Маған өмірлік сабақ болды»: Алика Мұхамадиева сотта көз жасына ерік берді

Қарағандыда қазақтарды қорлаған сөздерінен кейін ұлтаралық араздықты қоздырды деп айыпталған Алика Мұхамадиеваның ісі бойынша сот талқылауы жалғасты. Отырыста соңғы сөз алған сотталушы көз жасына ерік беріп, істеген ісіне өкінетінін айтып, соттан жеңіл жаза сұрады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

«Өтінішім – мені тек сотталушы ретінде емес, адам, әйел, жар және екі жасар қыздың анасы ретінде тыңдауыңызды сұраймын. Тергеу басталған күннен бері барынша ынтымақтасып, өз кінәмді мойындадым. Сол ауыр сөздерді тәтемнің қайтыс болуынан кейінгі ауыр күйзеліс кезінде айтып қойғаным рас», – деді Мұхамадиева.

Айыпталушының сөзінше, ол әлеуметтік желідегі пікірлерінің осындай кері әсер тудыратынын ойламаған.

«Сол күні-ақ айтқанымның қаншалықты ауыр екенін түсіндім. Бұл жағдай мен үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Әр сөздің салмағы мен мағынасы бар екенін енді ұқтым. Ислам дінін ұстанатын адам ретінде өз әрекетім үшін қатты ұяламын», – деді ол.

Мұхамадиева ешқашан адамдарды ұлты немесе діні бойынша кемсітпегенін, араздыққа шақырмағанын атап өтті.

«Мен өзім мұсылманмын. Бүкіл өмірім Қазақстанда өтті. Қазақ халқының тіліне, мәдениетіне және дәстүріне әрдайым құрметпен қараймын. Туыстарымның, достарымның және клиенттерімнің арасында қазақтар көп», – деді ол.

Сөзінің соңында әйел екі жасар қызынан ұзақ уақыт бөлек жүргенін айтып, көзіне жас алды.

«Қызым небәрі екі жаста, ал мен қамауға алынғаннан бері оны көре алмай келемін. Бұл – менің өмірімдегі ең ауыр сынақ. Бостандықтан, отбасымнан және абыройымнан айырылдым. Бірақ осы жағдай маған әр сөз бен әр әрекеттің салдарын түсінуге мүмкіндік берді», – деді Мұхамадиева.

Ол соттан өз ісін түзетуге мүмкіндік беріп, бас бостандығынан айырмауды сұрады.

«Бар болғаны қызымның жанында болып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік беруіңізді өтінемін», – деді ол.

Алика Мұхамадиеваның ісі бойынша сот үкімі алдағы уақытта жариялануы тиіс.