Денсаулық

Қазақстанда жоғары сынып оқушыларын акушер-гинекологтар тексеретін болады

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жоғары сыныптағы қыз балаларды жоспарлы медициналық тексеріс кезінде акушер-гинеколог қабылдауын енгізу мәселесі қаралып жатқанын айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Бұл туралы ол Мәжіліс кулуарында мәлімдеді.

Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазіргі таңда министрлік мектеп жасындағы жасөспірімдердің денсаулығын қорғау және алдын алу шараларын жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатыр.

"Қыз бала 14 жасқа толғаннан кейін гинекологтың тексерісінен өту қажеттілігін қарастырып жатырмыз. Бұл нақты бір жағдайға байланысты емес, жалпы алдын алу шарасы ретінде талқылануда. Медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкес бұл мәселе зерттеледі", — деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, денсаулық пен салауатты өмір салтын насихаттау тек дәрігерлердің емес, бүкіл қоғамның, әсіресе ата-аналар мен ұстаздардың ортақ міндеті болуы тиіс.

"Мұндай тәрбиелік жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажет. Баланың денсаулығы мен өмір салты туралы білімді мектеп қабырғасынан бастап беруіміз керек", - деді Сұлтанғазиев.

Сондай-ақ ол бұрын мектептерде оқытылған валеология пәнінің (денсаулық негіздері) қайта енгізілуі немесе балама форматта жүргізілуі маңызды екенін атап өтті.

"Бұрын валеология пәні арқылы балалар денсаулықтың қадірін түсінетін. Денсаулық сақтау жүйесі де ағартушылық бағыттағы жұмыстарды күшейтуі қажет", – деді бірінші вице-министр.

Айта кетейік, жақында Ақтөбе облысында 14 жастағы оқушы босанғаны белгілі болды.

Білім басқармасының мәліметінше, 14 жастағы оқушы 13 қазанда босанған.

"Жасөспірім бұған дейін үш рет медициналық тексеруден өткен: 13-18 наурыз аралығында аудандық ауруханада, 28 мамырда жазғы демалыс лагеріне тіркелу кезінде және 10 қыркүйекте ата-анасымен тексеру кезінде. Бұл жағдайлардың ешқайсысында дәрігерлер ерте жүктілік белгілерін тіркемеген", – деп хабарлады Ақтөбе облысының білім басқармасы.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

"Қазір оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бірқатар жедел-іздестіру және процессуалдық іс-шаралар жүргізіледі. Полиция департаментінің басшылығы тергеу барысын қадағалап отыр", – деді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат берілмейді.

Облыстық полицияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл іске күдікті ретінде кәмелетке толмаған қыздың өгей атасы, яғни әжесінің күйеуі тартылған.