Спорт

15 жастағы "Ақтөбелік" футболшы туыстарымен бірге қайғылы жағдайда көз жұмды: себебі белгілі болды

Ақтөбеде жергілікті команданың футболшысы, небәрі 15 жастағы Арон Мұса әжесі мен ағасымен бірге көз жұмды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

“Ақтөбе” футбол клубы әлеуметтік желіде суық хабар таратты.

“QJ League турнирінде ойнаған “Ақтөбе” командасының 16 жасқа дейінгі құрамының футболшысы, 15 жастағы Арон Мұса өмірден өтті. Біз Аронның отбасы мен туыстарының қайғысына ортақпыз. Бұл үлкен қайғы. Онымен бірге әжесі мен немере ағасы да көз жұмды”, – делінген жазбада.

Футбол клубы Аронның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтты

“Жаның жәннатта болсын, Арон! Аро №15, сен мәңгі біздің жүрегіміздесің” – деп жазды “Ақтөбе” футбол клубы.

Футбол клубының мәліметінше, биыл маусымда Арон Мұса “Ақтөбе” жасөспірімдер командасының сапында алты матчқа қатысып, бір нәтижелі пас берген. Ол соңғы ойынын 4 қазан күні өткізген.

“12 қазан күні кезекші бөлімге Кутуев көшесі, 27 мекенжайында болған оқиға туралы хабар түскен. Оқиға орнына келген құтқарушылар өрттің белгілерін анықтамаған, бірақ үш адамның мәйіті табылған. Полиция қызметкерлері тергеуді бастады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр”, – деп мәлімдеді полиция.

Ведомство газ жабдығына техникалық зерттеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала болжам бойынша олардың өліміне көмірқышқыл газынан улану себеп болған. Қазір техникалық сараптама жүргізіліп, жағдайдың нақты себебі анықталуда.

Облыс әкімі орынбасарының жетекшілігімен арнайы комиссия құрылды. Қаза болғандардың туыстарына материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.

Акимат ТЖД-мен бірге жылу жүйелерін тексеріп, тұрғындар арасында қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.