Маңғыстау облысында тағы бір сарбаз көз жұмды
Маңғыстау облысында мерзімді әскери қызметтегі тағы бір сарбаз көз жұмды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің дерегінше, оқиға 7 қазан күні болған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдай техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан туындаған. Полиция қылмыстық іс қозғады, қосымша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. ҚР ҰҚК Шекара қызметі марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады», — делінген ресми хабарламада.
Соңғы уақытта Қазақстанның бірнеше өңірінде әскерде жүрген сарбаздарға қатысты бірқатар өлім және жарақат жағдайлары тіркеліп, қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызуда.
17 қыркүйекте Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде 19 жастағы Дінмұхаммед Шынарбектің денесі табылды. Ресми нұсқада ол өзіне қол жұмсаған деп көрсетілген, бірақ туыстары бұл мәліметке сенбейді. Анасының айтуынша, баласы қолы байланған күйде табылған. Қазір сот-медициналық сараптама жүріп жатыр.
23 қыркүйекте Жетісу облысындағы “Алажиде” оқу полигонында жаттығу кезінде сарбаз оқ тиіп қаза болды. Тергеу мәліметінше, оқиға қауіпсіздік ережелерін бұзудан туындаған. Бұл дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалған.
30 қыркүйекте Маңғыстау облысында 19 жастағы Нұргелді Байыш психиатриялық клиникаға жеткізілді. Ол әскерге дені сау болып шақырылғанымен, бес ай өткен соң “тұлғалық бұзылыс” диагнозымен ем қабылдауға мәжбүр болған.
4 қазанда Алматыда әскери формадағы сарбаз ғимараттың үшінші қабатынан секіріп, ауыр жарақат алды. Дәрігерлер оған “бейімделу бұзылысы” диагнозын қойған.
5 қазанда Алматы облысында Шекара қызметінің сарбазы Нұрасыл Ануар қайтыс болды. Ресми нұсқа бойынша, өлім себебі — менингококцемия. Алайда марқұмның туыстары бұл диагноздың дұрыс қойылғанына күмән келтіреді.
Бұдан бөлек, сәуір айында Маңғыстау облысында 18 жастағы Сұлтан Шынтеміров әскерде бірнеше ай қызмет еткеннен кейін психикалық ауруханаға түсті. Анасының айтуынша, ол бөлімшеде әлімжеттік көріп, өзіне қол салуға әрекеттенген. Кейін сол бөлімнен тағы жеті сарбаз психикалық емдеу мекемесіне жеткізілген: олардың үшеуі ем қабылдап жатыр, ал төртеуі үйлеріне қайтарылған.
Соңғы бір жарым айда Маңғыстау, Алматы және Жетісу облыстарында кемінде үш сарбаздың қаза табуы мен сегізінің психикалық ауруханаға түсуі әскердегі тәртіп пен сарбаздардың психологиялық жағдайына қатысты қоғамда үлкен алапңдаушылық тудырып отыр.