Әлеумет

Тірі адамнан тірі адамға, өлген адамнан тірі адамға ағза ауыстыруға болады – Мүфтият

Шариғат тірі адамның өмірін сақтау мақсатында қайтыс болған адамның ағзасын пайдалануға рұқсат береді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы мәлімдеді.

Оның айтуынша, ҚМДБ бұл мәселеге қатысты бірнеше жыл бұрын арнайы пәтуа қабылдаған.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы Ғұламалар кеңесі ағза трансплантациясына байланысты пәтуа шығарған. Бұл — ресми діни құжат. Пәтуа әзірлеу барысында әлемдегі беделді пәтуа мекемелерінің тәжірибесі мен ірі ғалымдардың пікірлері ескерілді. Соған сәйкес белгілі бір шарттармен тірі адамнан тірі адамға да, қайтыс болғаннан тірі адамға да ағза ауыстыруға рұқсат етіледі», — деді ол.

ОКҚ мәліметінше, қазақстандықтар тірі кезінде электронды үкімет порталы арқылы ағза доноры болуға келісім бере алады. Биылғы жылы 10 мыңнан астам азамат қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беру туралы келісімін растаған.