Қазақстанда заңды бұзған құрылыс компанияларына жұмыс істеуге тыйым салынады
Заңды өрескел бұзған құрылыс компанияларына жұмыс істеуге тыйым салынады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Министрдің айтуынша, сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін нарық қатысушыларының біліктілігі мен жауапкершілігін арттыру маңызды. Қазірде салада шамамен 80 мыңға жуық лицензия тіркелген. Олардың 58,5 мыңнан астамы (58 554) құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге;16,5 мыңнан астамы (16 556) жобалауға; 5 мыңнан астамы (5 191) құрылыс алдындағы зерттеу жұмыстарына берілген. Бұл көрсеткіш құрылыс нарығының ауқымын көрсетеді.
"Алайда талдау нәтижесінде көптеген компаниялар мен лицензиялардың қағаз жүзінде ғана бар екені анықталды. Олардың басым бөлігінде өндірістік база да, білікті инженерлер де, нақты жобаларға қатысу тәжірибесі де жоқ. Мұндай жағдай сапа мен қауіпсіздікті төмендетіп қана қоймай, мемлекеттік тапсырыстарға жалған компаниялардың қатысуына жол ашып, саладағы еңбек нарығының шынайы жағдайын көрсетпей отыр. Аталған мәселені шешу үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара біріккен (интеграцияланған) лицензиаттардың электронды тізімі құрылады", – деді министр.
Нағаспаевтың айтуынша, ол берілген барлық рұқсаттарды қайта қарап, заң талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Сәйкес келмейтін компанияларды тізілімге енбейді. Осылайша адами фактор мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяды.
"Сонымен қатар тағы бір өзекті мәселе ол қазіргі аттестаттау тәртібі сарапшылар мен инженерлердің нақты біліктілік деңгейін толық әрі тиімді көрсете алмай отыр. Осыған байланысты негізге халықаралық тәжірибені, соның ішінде Еуроодақтың озық тәжірибесіне сүйене отырып, құрылыс инженерлерін сертификаттау жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл рәсімді мемлекет емес, нарықтың өзі, яғни тәуелсіз ұйымдар жүзеге асырады. Бұдан бөлек, тәртіпті күшейту үшін ереже бұзған компанияларға қатысты ортақ жауапкершілік енгізіледі. Егер ірі заң бұзу факті анықталса, мұндай компанияларға құрылыс саласында жұмыс істеуге тыйым салу көзделуде", – деді министр.