Мәхрге 3 сиыр сұраған танымал журналистің әрекеті қызу талқыға түсті
Танымал журналист Ақбөпе Тәңірберген тұрмысқа шығып, күйеуінен мәһрге үш сиыр сұрады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Жаңадан отбасын құрған медиамаман бұл қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, некеге тұру сәтінен бейнежазба жариялады. Жазбада имам жас жұбайларға сұрақ қойып, Ақбөпеден мәһрге не қалайтынын сұрайды. Журналист еш қысылмастан «Күйеуім Диас үш сиыр беремін деді» деп жауап берген.
Имам «Алла қаласа, Диас бауырымыз Ақбөпе қарындасымызға үш сиыр алып береді» деп бата берді.
«Мәхрге 3 сиыр сұрадым. Себебі, жолдасымның мүмкіндігі болса, менен аямай ең қымбат киім, ең әдемі зергерлік зат, ең жақсы көлікті алып беретінін білемін. 3 сиырымды алып берсе, әкемнің үйіне апарамын да, жылда ұялмай ет алып отырамын», - дейді Ақбөпе Тәңірберген.
Алайда әлеуметтік желі қолданушылары арасында бұл шешім қызу талқыға түсті. Бірі – бұл бастаманы қолдаса, енді бірі – мәһр қазақ салтында жоқ екенін алға тартып, сын пікірлерін білдірді.
«Махр қазақта жоқ салт. Оны Сіздердей қоғамға белгілі адамдар жарнамаламауы керек еді», – деп жазды бір желі қолданушысы.
«Өте дұрыс. Дәулетті болса, онсыз да қажетіңді өтейді», – деген пікір білдіргендер де бар.
Айта кетейік, мәһр – ислам шариғатындағы неке кезінде ер адамның әйеліне беретін міндетті сыйы. Ол зат, ақша, мал, немесе өзге де құндылық болуы мүмкін. Бұл – әйелдің жеке меншігі болып есептеледі.