"Жігіттер бөксемді сипап кетті": Сабина Мовлаева футбол көремін деп келеңсіз жағдайға тап болғанын айтты
Атышулы блогер Сабина Мовлаева “Қайрат – Реал” матчын көруге барып, харассментке ұшырағанын айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Желі жұлдызы матчқа құрбысымен барған.
“Ұят та болса айтайын. Футболда барлық нәрсе ұнады. Тек бір нәрсе ұнаған жоқ. Қаншама адам, қаншама еркектер. Матчтарға ылғи ініммен баратынмын. Бірақ бұл жолы құрбыммен бардым. Содан кейін бір қолдар пайда болды. Ашығын айтатын болсам, біреулер бөксемді сипап кетіп жатты. Мен барлығы сияқты киініп бардым, тырысып тұрған киімде болған жоқпын”, – деді блогер.
Айтуынша, өзіне ғана емес бейтаныс жігіттер құрбысына да қол жүгірткен көрінеді.
“Артыма қарасам жігіттер. Құрбыма ақырындап айтсам, оған да солай жасаған екен. Біз қазақтар қорғай ма деп шетелдіктерден қорқып жүрсек, олардың ісі – анау. Сонда бізді кім қорғайды?! Мен барынша жылдам шығып кетуге тырыстым", – дейді Сабина Мовлаева.
Айта кетейік, "Қайрат" чемпиондар лигасында "Реал Мадридтен" 0:5 есебімен жеңіліп қалды.