Әлеумет

Қызылордада сексуалдық құлдыққа түскен оқушы қыздың "клиенттері" куә ретінде сұралып жатыр

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қызылордада мектеп оқушысының сексуалдық құлдыққа түсуіне қатысты екі іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оның айтуынша, ол өткен аптада қызметтік іссапармен Қызылорда облысында болған.

"Тергеу барысын тыңдадым. Қазір қажет тергеу әрекеттері – жауап алу, беттестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу өте мұқият әрі егжей-тегжейлі жүргізіліп жатыр. Бұл істі біз бақылауда ұстап отырмыз. Кәмелетке толмаған қыздың қызметін пайдаланған адамдарға қатысты процессуалдық шешімдер қабылданады", – деді Әділов мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, әзірге тергеу нақты күдіктілерді анықтамаған. Қазір тергеліп жатқан адамдардан куә ретінде, бірақ қорғануға құқығы бар куәгерлер ретінде жауап алынып жатыр.

2023 жылдың қыркүйек айында полиция қызды зорлаған және оның "клиенті" болған адамдарды анықтап, тексеретінін хабарлаған еді. Кейін Санжар Әділов полиция бұл іс бойынша тағы екі қылмыстық істі тергеп жатқанын мәлімдеген еді.

2024 жылдың тамыз айының басында жәбірленушінің анасы қызын сыныптастары мен олардың туыстары есірткі қабылдауға мәжбүрлеп, күшпен ұстағанын, ақша бопсалағанын, жезөкшелікпен айналысуға көндіріп, ұрып-cоғып қорлағанын айтқан еді.

Қызылорда қаласының соты бұл іс бойынша бірнеше адамға үкім шығарды. Ал 2024 жылдың маусым айында облыстық сот олардың апелляциялық шағымдарын қанағаттандырмай, үкімді күшінде қалдырды. Іс бойынша тоғыз айыпталушы кәмелетке толмағанды азаптағаны, жезөкшелікке тартқаны және ақша бопсалағаны үшін кінәлі деп танылып, жазаға тартылды.

Еске салсақ, биыл сәуірде Қызылордада 16 жастағы қызды сексуалдық құлдықта ұстаған басты күдіктілерге үкім шықты.

2025 жылдың қаңтар айынан бастап Қызылорданың кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотында кәмелетке толмаған баланы сексуалдық құлдыққа салу ісі бойынша негізгі сот отырысы өтіп жатыр. Қазір тоғыз адам сотқа тартылды, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.

Сот жабық режимде өтті. Айыпталушылар 4 жыл 8 айдан 7 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды.

Қылмыстық кодекстің 194-бабы “Ірі мөлшердегі мүлікті алу мақсатында бопсалау”, 110-бабы “Кәмелетке толмаған адамды азаптау”, 134-бабы “Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікке тарту” бойынша айыпталған бір топ адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотталушылардың кінәсі оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, заттар мен құжаттарды тексеру нәтижелерімен, бейнежазбалармен, WhatsApp мессенджеріндегі хат-хабарлармен, банк шоттарынан алынған үзінділермен, сараптама қорытындыларымен, сондай-ақ жәбірленушінің айғақтарымен дәлелденді.

“Сот үкімімен кәмелетке толмаған М, А, Қ-ға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Б 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Т мен Қ кінәлі деп танылып, оларға 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тағы үшеуіне 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды," – деп мәлімдеді Қызылорда облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының әкімшісі Даурен Таиров.