Жаңалықтар

Желіде полицейлердің ұсталғандардың қалтасына "белгісіз зат" салып жіберген видеосы тарады: Алматы полициясы не болғанын түсіндірді

Желіде полицейлердің ұсталған жігіттердің қалтасына белгісіз зат салып жіберген видеосы тарады. Көпшілік мұны полицей күдіктілерге әдейі істеді деп жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқиға Алматыда Думан-2 шағынауданында болған. Бір топ полицейлер екі жігітті ұстап, оларды жатқызып, тінтімек болғаны байқалады. Осы кезде полицейлердің бірі жігіттің артқы қалтасына бірдеңе салып қояды. Мұны сырттан басқа адам түсіріп, желіге таратты.

“Баланың өмірін құрту обал емес пе? Отырғызды, соттады, түрмеге қамады, ал өздері көтеріле ме сонда?”, “Операторға рахмет”, “Оператор болмаса, мына жігіттер сотталып кетер еді” деп жазды желідегілер.

Алайда Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі мұны жоққа шығарды. 

“Полицияға пәтердің күнделікті жалдау ақысы төленбегені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына учаскелік полиция қызметкерлері келді. Тергеу барысында екі адам ұсталды: біреуі кәмелетке толмаған және біреуі ересек. Кәмелетке толмаған баланы ата-анасына беріп, оларға дұрыс тәрбие бермегені үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Ересек адам мас күйінде полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған. Ол осы қылмыстары үшін жауапқа тартылды”, – деп түсіндірді ПД.

Видеода офицер тұтқындау кезінде жігіттің қалтасынан түсіп қалған жеке затын қайтарып жатқаны түсірілген.

“Ұсталған адамның қалтасына тыйым салынған заттар салып жіберілген жоқ. Алматы полиция департаменті қатаң заң аясында жұмыс істейді және азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады. Көре тұра жалған ақпаратты таратқаны үшін жауапкершілік барын ескертеміз”, – делінген хабарламада.