Саясат

Зеленский Қазақстанда Путинмен келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді

Ресеймен келіссөздер қай жерде өтуі мүмкін екені жөнінде сөз қозғаған Украина президенті Владимир Зеленский келіссөздерді Қазақстанда өткізуге болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz Fox News-ке сілтеме жасап.

Украина басшысы Fox News арнасына көлемді сұхбат берді. Жүргізуші Зеленскийден оның Ресей президентімен кездесуі қаншалықты мүмкін екені туралы сұрағанда, Зеленский Владимир Путинмен келіссөз жүргізуге дайын отырғанын растады.

Бұл ретте ол кездесуді Мәскеуде өткізе алмайтынын, бірақ түрлі нұсқаларға дайын екенін атап өтті.

"Біз кездесуді өткізу үшін әр түрлі орындарды ұсындық – Түркия, Сауд Арабиясы, Қатар, Австрия немесе Швейцария сияқты бейтарап Еуропа, қаласаңыздар, мәселен, Қазақстанда кездесе аламыз", - деді Зеленский.

Еске салсақ, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескен болатын. Кездесуде мемлекеттер басшылары екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Кейін Тоқаевпен кездескен Зеленский Қазақстанға алғыс айтты.