«Балалары бәрін көріп тұрған»: Түркістанда 56 жастағы ер адам әйелін балғамен өлтіріп, артынша өзіне қол жұмсаған
Түркістан облысына қарасты Қарамұрт ауылында 56 жастағы тұрғын әйелін балғамен ұрып өлтіріп, артынша өзі сырттағы дәретханаға асылып қалған,деп хабарлайды buginmedia.kz.
Сұмдық оқиға туралы сюжет түсірген «КТК» телеарнасының мәліметіне сүйенсек, ер адам төрт кішкене баласының көзінше әйелін жауыздықпен сабаған. Осының бәрін көзімен көрген балалар шошығаннан көршілеріне барып, көмек сұрапты.
«Балалар жүгіріп келіп, анасының жерде қансырап жатқанын айтты. Мен келгенде сіңілім қансырап далада жатыр екен. Үстінен алатын жер жоқ, соққының қатты болғаны соншалық мұрны қисайып, басының бір бөлігі ішіне кіріп кеткен. Балғаның басында сіңілімнің шашы жабысып тұрды», - дейді Махаббат Мұрхадиева.
Марқұм әйелдің ағасы болса күйеу баласы олардың бәріне аудиохабарлама жіберіп, «қарындастарың менің көзіме шөп салды» деген екен.
«Біреулер оған менің қарындасымды «бөтен еркектің көлігінде көрдік» депті. Өлтірген себебім сол деп жазды. Есік алдында қансырап жатқан қарындасымды көріп ес жия алмай отырмыз. Үйге келіп күйеу балама телефон соқсам, телефонының дауысы дәретханадан шықты. Барып қарасақ, өзі де сол жерде жан тапсырыпты», - дейді марқұмның ағасы.
Адамның жанына бататыны – бұл отбасында шиттей төрт бала өсіп жатқан. Оның ең кенжесі сырқат болған. Жанжал кезінде балалар үйде болыпты. Анасының қансыраған түрін де, әкесінің дәретханаға бет алып, асылып өлгенін де өз көзімен көрген балалардың психикасына ауыр соққы келгені анық.
Полиция болса, екі адамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлап отыр.