"Бекет ата қорымын аралауға бара жатқан": Маңғыстау облысында жол апатынан 10 адам қаза тапты
Маңғыстау облысында жол апатынан 10 адам қаза тапты, деп хабарлады buginmedia.kz.
Полицияның мәліметінше, апат 11 қыркүйек күні Қарақия ауданының Сенек ауылынан шамамен 90 километр жерде болған. Алдын ала болжам бойынша, Toyota Hiace микроавтобусының жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік жолдан шығып кеткен.
Сегіз адам оқиға орнында қаза тауып, тағы екі жолаушы ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Жүргізуші мен екі жолаушы қазір ауруханада жатыр.
Жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалған.
Ішкі істер министрінің тапсырмасымен тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрылды.
"Министр қылмыстық істің тергеу барысын жеке бақылауына алды. Қазір тергеу аясында жүргізушінің әрекеттері, көліктің техникалық жағдайы, бағыт пен тасымалдау жағдайлары тексеріліп жатыр", — деді министрліктің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Жолаушылар Бекет ата қорымын аралауға бара жатқаны белгілі болды. Барлығы әртүрлі өңірлерден Қазақстан азаматтары. Жарақат алғандар ауруханаға жатқызылған, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен және салалық мемлекеттік органдармен тығыз үйлестіруде қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына кешенді көмек көрсетпек, соның ішінде:
- қаза тапқандардың денелерін өңірлерге жеткізу;
- туыстарымен тұрақты байланыс және сүйемелдеу;
- жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолдау көрсету;
- заң және сақтандыру мәселелерді шешуге көмек көрсету.
Туыстарына барлық ақпарат дереу беріліп отырады.
"Ішкі істер министрлігі қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Сонымен қатар барлық жүргізуші мен тасымалдауды ұйымдастырушыларды жолда қауіпті жағдай тудырмас үшін шаршаған күйде рөлге отырмауға, көлікке артық жүк салмауға шақырамыз. Шаршаған жүргізушінің өзі үлкен апатқа себеп болуы мүмкін", - деді Шыңғыс Алекешев.