Әлеумет

"20 миллионға татитын жұмыс істеп жүрмін“: депутат Бақытжан Базарбек

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек 20 миллион теңге жалақыға сай келетін жұмыс істеп жүргенін мәлімдеді, деп хабарлады buginmedia.kz

Президенттің Жолдауынан кейін журналистер депутаттардан бір палаталы Парламент құру туралы пікірлерін сұрады. Мәжілісмен Бақытжан Базарбек реформаның артықшылықтарын ғана көріп отырғанын айтты.

"Мен ешқандай кемшіліктерді көріп отырған жоқпын. Бұл жерде қаржыны үнемдеу, заңдарды қабылдау жылдамдығы, бұл заң шығару процесінің тиімділігі, бұл плюрализм, саяси өмірге, сайлауға қатысу мүмкіндігі бар", - деді Базарбек.

Журналистер бір палаталы Парламентте қанша депутат болуы мүмкін (қазір Мәжілісте – 98, Сенатта – 50) деп сұрады.

«Жаңа Парламентте қанша адам болатынын айта алмаймын, мүмкін 120-130 депутат болатын шығар», - деп жауап берді ол.

Парламентарийлердің жалақысы үнемделген қаржы есебінен көтерілетін-көтерілмейтіні туралы сұраққа депутат тек өз атынан жауап бере алатынын жеткізді.

"Мен жеке өзімнің рөлімді атқарып келемін және жеке менің жалақым кем дегенде 20 миллион болуы тиіс деп есептеймін. Себебі мен 20 миллион теңгеге татитын жұмыс істеймін ", - деп мәлімдеді Базарбек.

Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау кезінде бір палаталы парламент құру туралы бастама көтерді.