Жаңалықтар

"Шетінеді деп Америкаға сатып жіберген": Батыс Қазақстан облысында қыз 25 жылдан соң ата-анасымен қауышты

Әлеуметтік желілерде АҚШ-та өскен қыздың Орал әуежайында туған ата-анасымен қауышқан сәтін түсірген видео тарады, деп хабарлады buginmedia.kz uralskweek.kz-ке сілтеме жасап.

Батыс Қазақстан тұрғыны 25 жыл бұрын перзентханада “шетінеп кетті” деген қызымен табысты. Дәрігерлер нәрестені америкалықтарға сатып жіберген. 

Бейнероликтерде көрсетілгендей, баланың жоғалуына қатысы болуы мүмкін үш дәрігерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қыздың әпкесі Айымгүл бұл әсерлі сәттің видеосын жариялады.

2000 жылы Ақжайық ауданының тұрғыны 27 жастағы Қарлығаш жоспарлы ота – кесарь тілігі үшін Орал қаласындағы №3 перзентханаға жеткізілді. Әйел ауыр наркоздан оянғанда, дәрігерлер оған баласының жатырда шетінеп кеткенін айтқан. Нәрестенің денесін алған Қарлығаш пен күйеуі оны ауылда жерлеген. Ерлі-зайыптылардың екінші жүктілікке дейін бес жыл бұрын дүниеге келген жалғыз баласы бар. 

Араға жылдар салып перзентхана қызметкерлерінің әйелге өтірік айтып, баланы сатып жібергендері белгілі болды. Қарлығаштың қызы аман-сау дүниеге келген. Ал ерлі-зайыптыға басқа баланың денесін берген. Қызметкерлер қызды АҚШ-қа сатып жіберген.

2024 жылы қарашада Қарлығашқа шетелдік нөмірден белгісіз адам хабарласып, қызының екенін, оның Америкада тұрып жатқанын айтқан. Алғашында әйел өзі құлағына өз сенбей, есеңгіреп қалған. Не істерін білмей абдыраған ол Оралдағы туыстарына келіп, өзіне жеткен хабар туралы айтады. Олар да сенер-сенбесін білмеген. Кейін  АҚШ-тан тағы қоңырау түсіп, Қарлығашпен бой жетіп қалған қызы сөйлескен. 

Олар қыздың америкалық отбасымен Қазақстанға, Оралға сапары жайлы сөйлескен. Құжат жинау мен виза рәсімдеу жұмыстарына бірнеше ай уақыт кеткен. 

2025 жылдың 28 тамызында Оралда Қарлығаш пен күйеуі алғаш рет қыздарын құшақтап қауышты. Ол — ағылшын тілінде сөйлейтін, түр-тұлғасы анасына тартқан, магистратура тәмамдап, АҚШ-та психолог болып жұмыс істеп жүрген бойжеткен еді.

Осылайша, қыз өзін тәрбиелеген әкесімен бірге Қазақстанға ұшып келіп, туғандарымен кездесті.

Бойжеткеннің 25 жылдан кейін туған анасын табуға жаңа туған сәбиге тағылатын анасының тегі жазылған жазылған білезік себеп болған. Оны бойжеткеннің америкалық ата-анасы сақтап келген. Осы кішкентай ғана зат ақиқаттың ашылуына себеп болды.

Оралдағы №3 перзентханада жұмыс істеген мейіргер, бас дәрігер және АХАТ қызметкерінің кесірінен бір отбасы ұзақ уақыт бойы қайғыдан қан жұтып келген. Аталған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл кезеңдегі балалардың тууына қатысты барлық мұрағат құжаттары жойылып кеткен.

Күдіктілер Қарлығаштың өзі “баладан бас тартты” дегенді айтты. Алайда әйел мұның шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

“Мен ешқашан қызымнан бас тартқан емеспін”, — дейді ол.

Сәби кезінде қызын америкалық отбасыға сатып жіберіп, 25 жылдан кейін қауышқан ана жайлы әлеуметтік желіде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі ұлттық тренері әрі “Қазақстанның әйел-заңгерлері” бірлестігінің басқарма мүшесі Лейла Онлаш жазды.

“Мұндай қылмыстар жалғыз жасалмайды. Оның артында тұтас желілер тұрады. Тірі баланы тірі ата-анасының көзінше сату деген не? Бұл — тағдырды ұрлау. Текті ұрлау. Халықтың бір бөлшегін ұрлау. Әркім заң мен халық алдында жауап берсін. Ақиқат әрқашан үйіне оралады”, — деп жазды ол