Алматыдағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Диана Ерланның айтуынша, қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 2-бөлігінің 8-тармағы бойынша («Кәмелетке толмағанға қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру») қозғалған.
Оның сөзінше, жәбірленуші отбасыға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.
«Мен ата-аналардың екі жағымен де тұрақты байланыстамын. Жәбірленуші тарап қажетті қолдаумен қамтылды, балаға әрі қарай оңалту курсы қажет болады. Сондай-ақ заңды өкілдерінің келісімінсіз баланың суреттерін таратпау жөнінде ерекше өтініш білдіремін», – деді Диана Ерлан.
Еске салсақ, оқиға 23 тамыз күні Алматының Әуезов ауданындағы балалар алаңында болған. 13 жастағы жасөспірім екі жасар баланы төбеге лақтырып, кейін жерге тастаған. Салдарынан бала қолын сындырып алған.