Жаңалықтар

«Бұлаққа түскен әйел жүкті болады»: журналист «әулие бұлақ» барын айтты

Журналист Тоқтар Жақаш Facebook парақшасында ерекше емдік қасиеті бар бұлақ туралы жазба жариялады, деп хабарлады buginmedia.kz.

Оның ерекшелігі сол, көптен бір сәбиге зар болып жүрген әйелдер бұлақтың ем-домын алса, көп ұзамай жүкті болады екен.

«Өткенде бір жазбамда бала көтермей жүрген әйелдерге пайдалы бұлақ туралы сөз қозғаған едім ғой. Соған байланысты жекеме «Бұлақ қай жерде? Толық жазыңызшы» деген өтініш көп түсті. Сол тақырыпты еңсеріп тастайын дедім. «Пәленше деген бай бопты, бір перзентке зар бопты» деп келетін аңыз-жырды көп естіп өстік қой. Сондай әңгіменің соңында бір «әулие бұлаққа» барып түнеп, содан балалы болғаны туралы айтылатын. Бертінге дейін ондай әңгімені ертегі деп есептеп келдім. Бірақ ондай емес екен. Құрамында адам ағзасына оңды әсер ететін, түрлі минералдарға бай бұлақтар да жетерлік»,-дейді ол. 

Журналист 19 жыл бұрын Мақаншы, Үржар жақтан Алакөлге демалуға барып, жер астынан шығып жатқан ыстық бұлақтың қасиеті туралы естігенін айтады. 

«Нақтырақ айтқанда - Қабанбай-Жарбұлақ жағажайына орналастық. Екі-үш күннен кейін, жақын жерде жер астынан шығып жатқан ыстық бұлақтың суы әйел денсаулығына пайдалы екенін естідік. Әйелдер таксимен сол жерге 2-3 күн барып-қайтты. Кәдімгі ванна орнатып қойыпты. Басында дәрігері де бар, әр адамның қан қысымын өлшеп, соған байланысты ваннаға 2 минут, 5 минут қана жатуға уақыт бөледі екен.

Үшінші күні келіншегім қуанып келді. Он жылдан астам дәрігерлер түрлі дәрімен емдеп, дауасын таппаған кеселі жазылып кетіпті. Жасы 37-38-де еді. "Енді 40-қа жетпей, дереу тағы бір-екі бала туып алайын" деп, мені де қуантып тастады. Үш баладан кейін, араға 14 жыл салып, бірінен кейін бірі - екі қыз туып тастады. Оның бірі биыл мектеп бітіріп, ҚазМҰУдың студенті болды», - деп жазды Жақаш. 

Ол дәл сол бұлақтың шипалы суынан гайморит дертінен айыққанын айтты.

«Бұл оқиға маған кәдімгідей әсер етті. Өзім Алакөлдің суын мұрныммен жұтып, аузыммен түкіріп жүріп, 10 жыл бойы зардап шеккен гайморит деген пәледен құлан-таза құтылдым. Кейін, осы жағдайды Айгүлге, сосын журналистика саласында жүрген, күйеуге тигеніне 5-6 жыл болса да бала көтермеген тағы бір келіншекке айтып бергем. Екеуі де «бардық, емделдік» деді. Екеуі де бірінші жылы бір-бір қыз тапты. Екінші журналист-әріптесім қыздан кейін ұл тапты. Бірақ олардың нақты барған-бармағанын білмеймін. Менің көңілімді қимай солай айтты ма, әлде, расымен барды ма, білмеймін. Тек, өзіміздің басымыздан өткен оқиғаны анық білемін. Жоғарыда айттым ғой, аңыз-әңгімелерде «бала көтеруге көмектесетін әулие-бұлақ» іздейді деп. Қазір ойлаймын, бәлкім, сол суды ішіп, шомылып, дәрет алған шығар. Ағзаға әсер еткен химиялық элементтер әйел бойында ұйықтап жатқан жасушаларды оятқан да шығар. Бәрі бір Алланың құдіретімен ғой! Барам деген адамға әлгі жердің мекен-жайын айтайын; Абай облысы, Үржар ауданы, Жарбұлақ ауылы, «Барлық-арасан» шипажайы. Күзде де жұмыс істеуі тиіс. Барыңыздар. Емделіңіздер. Үйіңіз бүлдіршіндердің шат-шадыман шаттығына бөленсін!», - деп жазды ол.