Жаңалықтар

Астанада автобус апатқа ұшырап, 14 адам ауруханаға түсті

Астанада қызметтік автобус апатқа ұшырады,  деп хабарлады buginmedia.kz

Қала полиция департаментінің хабарлауынша, Mercedes маркалы қызметтік автобус Қабанбай батыр даңғылы бойында жол жиегінен түсіп кеткен.

Полиция автобус жүргізушісі бұрылып жатқан кезде көлік рөліне ие бола алмай қалғанын мәлімдеді. Қаза тапқандар жоқ.

Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жол апаты салдарынан 14 адам жедел жәрдем арқылы қалалық көпсалалы стационарларға, сондай-ақ Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығына жеткізілді.

«Қабылдау бөлімінде барлығы салалық мамандардың тексеруінен өтті. Бірнеше адам амбулаторлық емдеуге жіберілді, ал қалғаны қосымша тексеруден өтіп жатыр», – деп хабарлады басқарма.

Дәрігерлер зардап шеккендердің басым бөлігі жеңіл жарақат алғанын айтады.