Алматыда ер адам әйелін өлтіріп, өзіне қол салды
Алматыда ер адам отбасылық жанжал кезінде әйелін өлтіріп, кейін өз-өзіне қол салды, деп хабарлайды buginmedia.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Қайғылы оқиға Думан ықшамауданында болған.
40 жастағы ер адам 38 жастағы әйелін пышақтап өлтіріп, кейін Алматы облысындағы туыстарына барған соң өз-өзіне қол жұмсаған.
Алматыдағы пәтерде әйелдің мәйітін оның туысы тауып алған.
Бұл деректі Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі Kazinform тілшісіне растады.
"Кісі өлтіру фактісі бойынша Медеу аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қылмыс отбасылық жанжал салдарынан болған. Ер адам әйелімен жанжалдасып, оған пышақ жарақатын салған. Кейін өзіне қол жұмсаған", — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта оқиғаның басқа да мән-жайы анықталып жатыр.