Жаңалықтар

Атырауда ер адам әйелін өлтіріп, екі бала анасыз қалды

Бүгін әлеуметтік желілерде Атырауда ер адамның 39 жастағы әйелін өлтіргені, кішкентай екі қыздың анасыз қалғаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл туралы Threads қолданушысы mair_saduakhas айтты,  деп хабарлайды buginmedia.kz "Ақ Жайыққа" сілтеме жасап.

Ол қаза тапқан әйелдің өзінің бөлесі екенін айтып, адамдардан бей-жай қалмауды өтінді. Біз оған хабарласқан едік.

Майра бізге қаза тапқан әйелдің есімі Ләззат екенін айтты. Ол күйеуімен 14 жыл отасқан. Үлкен қызы күзде 6-сыныпқа, ал кіші қызы – 2-сыныпқа барады.

"Олар үшін бүкіл әлем анасы еді. Бірақ соңғы бес жылда оның өмірі тозаққа айналды. Күйеуі Тимур жиі ішіп, үнемі әйелін соққыға жығатын. Ол балалары үшін шыдап, тіс жармайтын, шағымданбады. Соңғы үш жыл Ләззат жұмыс істемей, отбасына, қыздарына арнады. Бүгін таңертең өмірден өтті. Қорған болуы тиіс күйеуі оның өмірін қиды. Екі қыз анасыз қалды. Оларды қазір интернатқа алып кетті", — дейді Майра Садуақасова әпкесін еске алып.

Ол қайғылы оқиға туралы полиция хабарламасынан білген. Сол кезде оның денесі мәйітханада жатқан екен.

Атырау облыстық полиция департаменті оқиғаны растап, ер адам қамауға алынғанын хабарлады.

"Осы дерек бойынша «Адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Кешенді тергеу шаралары басталды", - делінген ақпаратта.