Астана маңындағы ұшақ апатына не себеп болған?
Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Астана маңында құлаған ұшақ апатына не себеп болғаны туралы сауалға жауап берді.
«Ұшақ апатының себебін анықтауға бір жыл уақыт беріледі. Сондықтан тергеу нәтижесін күтейік. Осы уақытта осы типтегі ұшақтарды пайдалануға Азаматтық авиация комитеті шектеу қойды», - деді министр.
Қайғылы оқиға өткен жексенбі, 17 тамыз күні болған. Жеңіл моторлы жекеменшік ұшақ Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Төңкеріс ауылының маңында құлаған. Салдарынан ер адам мен әйел қаза болды.Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, көз жұмған әйел – үш баланың анасы, 16 тамызда ғана 43 жасқа толған. Туған күніне ерекше сыйлық ретінде ұшақпен ұшуға шыққан. Марқұмның артында 19 жастағы қызы мен кәмелетке толмаған екі ұлы қалды. Ал қаза тапқан екінші адам – құлаған ұшақтың иесі Арман Мусин.
Ақмола облысының полиция департаменті Aerostar R40F UP-LA229 жеңіл моторлы ұшағының құлау фактісі бойынша тергеу бастады.