Алаяқтарға алданып, үйінен айырылып қалған Кәкен Қамзин қуанышты жаңалығын жариялады
Алаяқтарға алданып, баспанасынан айырылып қала жаздаған қарт профессор Кәкен Қамзин қуанышты жаңалығын жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Айтуынша, аты-жөнін жарияламауды жөн көрген қайырымды бір азамат профессорға 23 млн теңге әкеп берген.
"Бір жарым ай бұрын баспанамнан айрылып қала жаздаған ауыр жағдай бастан өтті. Өкінішке қарай, алаяқтарға алданып, үйімді қайтарып алу үшін шілденің 5-інен бастап ел-жұрттан «жылу» жинауға мәжбүр болдым. Бұл мен үшін де, отбасым үшін де оңай шешім болмады. “Өлімнен ұят күшті” дейді. Бірақ сіздердің шынайы жанашырлықтарыңыз, қолдауларыңыз, жылы сөздеріңіз бізге үміт сыйлады.
Аллаға мың да бір шүкір, бүгін сол «жылу» жинауды ресми түрде тоқтататынымды қуана хабарлаймын. Осылайша, жиналған қаражат 9 529 836 теңгеге жетті.
Ал енді ең күтпеген әрі жүректі елжіреткен сәт, бүгін бір қайырымды азамат (аты-жөнін айтпауды сұрады) жетпей тұрған үлкен соманың барлығын (23 млн теңге) қолма-қол әкеліп берді. Бұл тек қаржылай көмек қана емес, бұл - сенімнің, бірліктің, мейірімнің нағыз көрінісі. Ол азаматқа Алла разы болсын! Отбасына, өзіне тек жақсылық тілеймін! Ризашылығымды білдіремін!
Енді Алланың қалауымен сатып алушы отбасыға толық ақшасын табыстап, үйді өз атыма қайта рәсімдеуге кірісеміз.
Мен осы жолда көмек көрсеткен, тілектес болған баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын! Біреу жылы сөзін аямады, біреу қаржы аударды, бір бауырым келіп сұхбат алды, біреу дұға жасады, бәрінің орны бөлек.
Бұл оқиға маған бір нәрсені анық дәлелдеді: қазақтың бауырмалдығы, бір-біріне деген жанашырлығы әлі де бар, жоғалған жоқ. Алла баршаңызға разы болсын! Шынайы құрметпен, Кәкен Қамзин", - деп жазды профессор.