Жаңалықтар

Тікұшақ апаты: Сорбұлақ су қоймасының 50 пайызы тексерілді

Жоғалған тікұшақты іздеу кезінде Сорбұлақ су қоймасының 50 пайызы тексерілді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

"25 шілдеде Қорғаныс министрлігінен Отырарда тікұшақ жоғалғаны туралы хабар алдық. Сол сәттен бастап, жедел іздестіру жұмыстарын бастадық. Берілген бағыт бойынша тікұшақтармен тексердік. Сорбұлақ су қоймасын қарадық. Қазғарыштан алған суреттерден қарағанда жанар-жағармайдың ба ізі болды. Сорбұлақ су қоймасына жақын жерден тікұшақтың бірнеше бөлшегін таптық. Содан бастап штаб құрылып, іздеу жұмыстары басталды", — деді Үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев журналист сауалына жауап беріп.

Вице-министр 10 күннен астам уақыт өтсе де, өкінішке қарай тікұшақ табылмай жатқанын айтады. 

"Сорбұлақтың 50 пайыздайын тексердік. Барлық іздестіру жұмысы Қорғаныс министрлігінің басшылығымен өтіп жатыр. Біз күш-құралдарымызды бердік. Қазір таң атқаннан күн батқанға дейін іздеу жұмыстары жүргізілуде. Сорбұлақ суының тереңдігі 5-тен 25 метрге дейін жетеді. Асты батпақ. Тіпті 1 метр тереңдік көрінбейді, лай", — деді Кеген Тұрсынбаев.

Айта кетейік, 25 шілдеде Алматы облысында жоспарлы ұшу барысында Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кеткен. Бір күннен кейін жоғалған тікұшақтың бөлшектері табылғаны белгілі болды.