Президент Республика күнімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнімен құттықтады, – деп хабарлайды Akorda.kz.
Құрметті отандастар!
Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстанның егеменді ел екенін әйгілейтін ұлық мейрам – сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің қайта жаңғыруының символы.
Ұлттық мереке халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді.
Біз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында аса күрделі сын-қатерлерді еңсеріп, ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып келеміз. Қоғамдағы заң мен тәртіп, азаматтардың еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігі қазіргі реформалардың берік тірегіне әрі қозғаушы күшіне айналды. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасай береміз.
Еліміздің ертеңі қандай болатыны әрбір отандасымызға байланысты екені анық. Азаматтарымыз осы қастерлі жауапкершілікті терең түсініп, мемлекеттігімізді нығайтуға өз үлесін қосады деп сенемін.
Сіздерге зор денсаулық, толайым табыс және бақ-береке тілеймін!
Бұл күн 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияны қабылдаған күнмен тікелей байланысты.
Аталған құжат Қазақстанның егемендігінің негізін қалады, елдің тәуелсіздікке ұмтылған жолындағы алғашқы қадамдарының бірі болды.
Декларация Қазақстанның жеке территориясын, азаматтығын, мемлекеттік рәміздерін, сондай-ақ халықаралық қатынастардағы дербестігін бекітіп, болашақ тәуелсіздігінің іргетасы ретінде маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар, ел ішінде демократиялық қоғам құруға бағытталған саяси және экономикалық өзгерістердің бастамасы болды.
2001 жылы қабылданған заң бойынша 25 қазан мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. 2022 жылы Республика күні Ұлттық мереке ретінде қайтадан аталып өте бастады, ал 16 желтоқсан әдеттегідей Тәуелсіздік күні болып қалды.