Әлемде

Ресейдегі ұшақ апаты: жолаушылар тізімінде болған әйел аман қалған

Ресейдің Амур облысында құлаған Ан-24 ұшағындағы жолаушылар тізімінде болған әйел тірі қалды. Ол соңғы сәтте ұшаққа мінбей, кетіп қалған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

"Известия" басылымының ақпаратынша, әйел немересі ауырып қалғандықтан, әуежайдан үйіне қайтқан.

"Немерем ауырып қалғандықтан үйге қайттым. Балаларымның жанында қаламын деп шештім", – деді әйел.

Әйел Тында қаласына пойызбен барған. Айта кетейік, ұшақ апатынан тірі қалғандар жоқ.

Еске салсақ, 24 шілде күні Хабаровск – Благовещенск – Тында бағыты бойынша ұшқан Ан-24 ұшағының жоғалып кеткені туралы хабар тараған. Кейін ұшақтың сынықтары Амур облысындағы Тында қаласынан 15 км қашықтықта табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, бортта 49 адам – 38 ересек, бес бала және алты экипаж мүшесі болған. Ұшақ апатына техникалық ақау мен адам факторы себеп болуы мүмкін деген болжам бар.