Омбудсмен балаларды Қонаевқа көшіру кезінде қыз есінен танып, бір баланың аяғы жарақаттанғанын айтты
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы қаласында орналасқан (Бағанашыл) Алматы облыстық балалар үйінен балаларды көшіру дауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Зәкиеваның айтуынша, Президенттің тапсырмасы бойынша балалар үйінде тұрақты тұратын балалар оқуын жалғастыру үшін Алматы қаласында қалады, ал мекеменің өзі облыстан қала қарамағына өткізіледі.
"Бүгін балалар үйінің емес, ЦАН-да тұрып жатқан балалар көшірілді. ЦАН-да өмірлік қиын жағдайға тап болған және облыстың әртүрлі бөліктерінен келген балалар уақытша тұрады. Көктемде балалар мен әкімдік арасындағы кездесудің қорытындысы бойынша, ЦАН-да тұрып жатқан балалар мен мекеменің өзі көшетіні шешілген болатын, бұл ақпаратты мен көктемде жариялағанмын", - деп жазды ол.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл кеше бұл туралы облыстық білім басқармасының ресми парақшасында әкімдік хабарлағанын, алайда Алматы облысының әкімдігі ЦАН-да тұратын балалардың көшуі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етпегенін айтады. Соның салдарынан бүгін жол берілмейтін жағдай болды: балалар үйінің түлегі қыз есінен танып, бір баланың аяғы жарақаттанған.
"Осы жағдай бойынша, балалардан келген хабарламадан кейін соңғы апта ішінде бірнеше рет әкімдікке жүгіндім. Алайда жергілікті атқарушы орган хабардар етпей, келісілмеген әрекеттерді жүзеге асырды. Барлық жағдайлар бойынша Президент Әкімшілігі тексеру жүргізеді, арнайы топ құрылды. Өңірлік Уәкіл балалармен бірге. Мен де балаларға бара жатырмын", - дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жетім балаларды Қонаевқа күштеп көшіріп жатқаны туралы желіде видео тараған болатын. Балалар Қонаев маңындағы Заречный ауылына көшірілуі жоспарланған болатын. 21 шілде күні полиция балаларды күшпен алып кетпек болды. Бұл шешім қоғамда үлкен наразылық туғызды.Президенттің тапсырмасынан кейін Бағанашылдағы балалар үйі көшірілмейтін болды.